Тарихы

Университет тарихы

Университет тарихы 1937 жылдан басталады. Сол жылдың 19 наурызында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен Шымкентте Мұғалімдер институты ашылған білім ордасы 1954 жылы КСРО Министрлер кеңесінің өкімімен педагогикалық институты болып қайта құрылды.

 1987 жылы институттың 50 жылдық мерейтойына орай оқу орнына М.Әуезов есімі берілді. Сол жылдары институт ұжымы жоғары білім беруде шыңға шығып, Одақ көлемінде белгілі білім ордасына айналды. 1975 жылы КСРО оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1977 жылы Қазан төңкерісінің 60 жылдығына арналған социалистік жарыста  Қазақстандағы педагогикалық институттар арасында бірінші орын алды. 1985 жылдың қорытындысы бойынша мұғалім кадрларын дайындаудағы жетістіктері үшін КСРО Оқу министрлігінің Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. 1988 жылы Кеңестер Одағындағы 220 педагогикалық институттың арасында өткен социалистік жарыста ІІІ орынды иеленді.

1993 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Түркістан қаласында жаңадан ашылған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті профессор-оқытушыларының  ғылыми әлеуетін көтеру мақсатында М.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институты сол оқу орнының құрамына қосылды. 1995 жылдың 9 наурызында институт өз атынан айырылып, Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент бөлімі, 2003 жылдың 7 наурызында ХҚТУ-дың Шымкент филиалы, 4 қыркүйекте ХҚТУ-дың Шымкент институты болып 2011 жылдың 28 маусымына дейін жұмыс істеді.

ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 28 маусымдағы №722 қаулысымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты болып қайта ашылды.

2017 жылдың 17 қарашасында ҚР Үкіметінің №753 Қаулысымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтына университет мәртебесі берілді.

2018 жылдың 16 қазанында Үкіметтің №649  Қаулысымен «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғам болды. 2019 жылдың 12 сәуір күні Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының Әділет басқармасында заңды түрде мемлекеттік тіркеуден өтті.

Білім ордасының алғашқы басшылары болған Берн университетінің профессоры Семен Германович Шейнессон (01.07.1937-15.09.1939), Ұлы Отан соғысына қатысып, капитан шеніне көтерілген Мырзалы Сабденов (15.09.1939-07.03.1940), партия қызметкері болған Иннокентий Матвеевич Туманов (09.1940-20.12.1941), «Абай жолы» романын, көптеген туындыларды жатқа оқитын жады мықты Әділ Ермеков (1947-1952), институтты даму даңғылына түсіріп, жаңа леп ала келген   Байұзақ Ермекбаевтардың (1952-1970) жасаған жұмыстары бәрімізге үлгі-өнеге.

Оқу орнының өркендеу дәуірінде басшылық жасаған талабы қатал, Оқу-ағарту ісінің үздігі, Шымкент қаласының құрметті азаматы Мырзахан Сәрсенбаев (1971-1984), Қазақ Кеңестік социалистік республикасы Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, техника ғылымдарының докторы, профессор Әшім Құрамбайұлы Омаров (26.03.1984-01.04.1993), белгілі әуезовтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Керімбек Сыздықовтардың (08.04.1993-22.06.1994) оқу орнының тарихында өзіндік орны бар.

          Университеттің қайта өркендеу кезеңі 2011 жылдан басталады.  ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Оңалбай Аяшев басқарып келе жатқан 8 жылда университеттің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңарып, жоғары дәрежеде өсті. Бәсекелестікке ие еліміздегі жетекші педагогикалық жоғары оқу орнына айналды.  Ұлыбританияның Оксфорд университеті «Аймақтар арасындағы ең үздік жоғары оқу орны» деп таныды.

Халықаралық аккредиттеу ұйымынан институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден өтті.

Студенттердің білім алуын қамтамасыз ететін 3 оқу корпусы мен 4 студенттер үйінің материалдық-техникалық базасы толық заманға сай жабдықталған. Ғаламтор қолжетімді. Оқу корпустарында арнайы демалыс бұрыштары бар.

Мамандандырылған зертханалар мен лингофонды кабинеттер, ағаш,  темір, тігін, қол өнер шеберханалары, арт-терапия кабинеттер, баспахана, кітапхана мен оқу залдары студенттерге тәулік бойы қызмет етуде.

          «Назарбаев», «Рухани жаңғыру», «100 жаңа оқулық» орталықтарында, «Рухани жаңғыру» алаңында,  алты ақысыз  «IT-SYNYP», «Нұр шаңырақ» студенттер театры мен «Көркем әдебиет» орталығында, «Ұлттық мұра» студенттер мұражайында, түрлі үйірмелер мен клубтарда студенттердің бос уақытын тиімді пайдалануға барлық мүмкіндіктер жасалған.

Оқу ордасы Қазақстан Республикасы педагогикалық жоғары оқу орындары арасында ұлттық рейтинг бойынша 5-орында, ал 9 мамандық “Жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісінен  алғашқы үштікті иеленді. Бұл ғылыми дәрежесі мен атағы – 53%-ды құрайтын, 100% біліктілігін арттырған оқытушы-профессорлар мен ізденімпаз студенттер еңбегінің жемісі.

Университет контингентінің 30%-ы үштілде,  физика, информатика, химия, биология мамандықтарында оқитын студенттер  таза ағылшын тілінде білім алады.

Студенттер Венгрия, Польша, Германия, Латвия, Болгария, Ұлыбритания, тағы басқа шетелдік және отандық жетекші жоғары оқу орындарында  академиялық ұтқырлық бағдарламасымен білімін ұштауда. Елуге жуық шетелдік профессорлар университетке келіп дәріс оқуда.

Түлектерін жыл сайын 100% жұмысқа орналастыратын университет студенттері Халықаралық, Республикалық,   облыстық,  қалалық байқаулардың жеңімпаздары.

Білім ордасының түлектері «Республикаға еңбек сіңірген мұғалім», «КСРО халық ағарту ісінің үздігі», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін», «Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі», «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» деген құрметті атақтарға ие болуда.  Түлектеріміздің Қазақстан Республикасының аймақтарында ғана емес, сонымен қатар таяу және алыс шетелдерде жоғары біліктілік пен жауапкершілік, білімдарлық танытып, қызмет атқарып жүргені – үлкен мақтаныш.

 «100 жаңа оқулық» бағдарламасы аясында аударылған 17 аталым бойынша кітапхана қоры бес мыңға жуық кітаппен толықты.

Университетте  халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде бірлескен білім беру бағдарламалары енгізілген.

Жүзге жуық  Халықаралық, республикалық ғылыми-әдістемелік конференциялар мен симпозиумдар өткізіліп, шетелдерден екі жүзге жуық ғалымдар мен ұстаздар  келді.

Республикалық пәндік олимпиадалар мен  «Ғылым шарайнасы» байқауында студенттер үнемі жүлделі орынға ие.

Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде үш ай сайын «ОҚМПУ Хабаршысы – Вестник ЮКГПУ» ғылыми журналы жарыққа шығады.

1966 жылы құрылған археологиялық  студенттер жасағы тапқан ірілі-ұсақты жәдігерлерден тұратын арнайы «Ұлы дала өркениеті б.з.д.100 мың жыл – б.з. ХІІ ғ» көрме залы тарихтан сыр шертеді.

 «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында айтылғандай, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету тапсырмасын да республика бойынша бірінші болып ОҚМПУ жүзеге асырды: 2019 жылдың 6 сәуірінде  4 қабатты, 350 орындық жаңа «Студенттер үйі» пайдалануға берілді.

2019 жылдың тамыз айында және 200 орындық 4 жұлдызды қонақ үйге тең «Студенттер үйі» пайдалануға беріледі. Студент – біз үшін ең құрметті тұлға.

2019 жылдың «Жастар жылы» деп жариялануына орай тәуелсіздігіміздің 28 жылдығына байланысты жүлде қоры 28 млн.теңгені құрайтын 11 номинациядан тұратын республикалық жастар конкурсын елімізде алғаш рет біздің университет өткізуде.

Университет жаңа оқу жылына Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласынан және Ұлыбританиядағы  Кембридж университетінен филиал ашуды жүзеге асыруда.

Заманауи өзгерістер мен жаңарудан қалыс қалмайтын, бәсекеге қабілетті ОҚМПУ студенттері үшін «Жастар жылы» табысты боларына сенімдіміз!

Цифрлық қоғамның, экономика мен білімнің дәуірінде барлық салада тамаша жетістіктерге жете отырып, елімізді өркендетуге  нақты қызмет етудеміз.

Алар асу,  бағындырар белестеріміз алда!

Білім-ғылымның, тәрбиенің алтын бесігі, қасиетті шаңырақ  – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне қош келдіңіздер!

Біз Сіздерді білім күмбезінде күтеміз!