Біздің сайттың құрметті қонақтары!

 Құрметті жас достар! Қадірлі қонақтар мен әріптестер!

 Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің сайтына қош келдіңіздер!

Сіздермен университет сайтында кездескеніме қуаныштымын.

ЖОО-ның жылнамасы 1937 жылдан басталады. ҚазССР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен ашылған мұғалімдер институты Оңтүстік Қазақстандағы белді жоғары оқу орындарының бірі болды және 1954 жылға дейін осылай аталды.

Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1954 жылдың 7 шілдесіндегі өкімімен мұғалімдер институты Н.К.Крупская атындағы Шымкент педагогикалық институты болып қайта құрылды, кейінірек 1987 жылы оған қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезовтің есімі берілді. Түрлі өзгерістерге ұшыраған жоғары оқу орны 18 жыл өткен соң қайта қалпына келтірілді.2011 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті болып ашылған білім ордасы 2017 жылы 17 қарашада Үкімет қаулысымен университет мәртебесін иеленді.

Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде 33 мамандық бойынша білім бакалавры,  14 мамандық бойынша магистратура және 9 мамандық бойынша  докторантура бағытында мамандар даярланады.

Университеттің қайта құрылуын Оңтүстік Қазақстан педагогтары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мұғалім мамандығының мәртебесін көтеруге деген қамқорлығы деп білсе, университет профессор-оқытушылар құрамы бұл оқиғаны өздері үшін құрметті миссия ретінде қабылдады.

 Жоғары оқу орнының қайта ашылуы Қазақстан Республикасында 2011-2020 жылдары білім беруді дамытудың жаңа Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың басталуымен тұспа-тұс келді, онда Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасы бойынша педагог мәртебесін түбегейлі көтеру, қазіргі білім-ғылыммен қаруланған және еліміздің инновациялық дамуына үлес қосуына қабілетті педагогтардың жаңа формациясының қалыптасуы қарастырылған.

Тәуелсіздік алғалы Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесінде көптеген өзгерістер болды. Жоғары мектеп толығымен әлемдік тәжірибеде қабылданған дайындықтың 3 деңгейлі моделіне өтті; ол: бакалавр – магистр – философия докторы (PhD). Оқытудың кредиттік технологиясы енгізілді, Қазақстан Республикасында 2011-2020 жылдары білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл еліміз үшін үлкен мәні бар, барынша дамыған мемлекеттер қоғамдастығына кіруді алдына мақсат етіп қойған құжат болып табылады.

Осы университет қабырғасынан өмірге жолдама алған сан мыңдаған ұстаздар – біздің университетіміздің мақтанышы мен намысы: олар ғылым, білім, өнер,  спорт салаларында қажырлы еңбек етіп қана қойған жоқ, сонымен қатар біздің мемлекетімізді саяси аренада да танытып келеді.

Университеттің басты мақсаты – Қазақстанда білім беруді дамытудың стратегиялық міндеттерін өмірге ендіру, еліміздің және жеке тұлғаның индустриялық-инновациялық даму міндеттерін, еңбек нарқы қажеттілігін қанағаттандыруда жоғары білім беру сапасының жоғары деңгейіне жету және білім беру саласында әлемдік озық тәжірибелерге сай болу.

Болашаққа қанат қаққан жас қыран!

Білім-ғылым іздеген, өнер қуған үміткер!

Біз Сіздерді білім күмбезінде күтеміз!

Құрметпен, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, ОҚО, Мақтарал ауданының  «Құрметті азаматы» Оңалбай Аяшев