Өмірбаян

ОҢАЛБАЙ АЯШЕВ

              Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры,  ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Мақтарал ауданының,  Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы

             Аяшев Оңалбай 1950 жылы 25 қарашада Өзбекстан Республикасы Жизақ облысы Құлыпсары ауылында дүниеге келген. Сарыағаштағы М.Әуезов атындағы мектепте орта білім алып, Қапланбек зооветеринарлық техникумын зоотехник, Шымкент  педагогикалық институты мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ды мұғалім, оқытушы мамандықтары бойынша бітірген.

             О.Аяшев еңбек жолын 1965 жылы Б.Майлин атындағы мектептің пионер ұйымының жетекшісінен бастап, 1966 жылы Сарыағаш ауданында баспахана көмекшісі, спорт және дене тәрбиесі жөніндегі әдіскер болды.

             1967 жылы Шымкент педагогикалық институтының (ШПИ) студенті атанып, бітірген соң сол аталған оқу орнының Теория және әдістеме кафедрасында оқытушы, аға оқытушы қызметтерін атқарды.

1972 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған поселкісіндегі Балалар мен жасөспірімдер мектебіне оқытушы болып орналасты 1973 жылы грек-рим күресінен СССР спорт шебері атанды.

1975 жылы институттағы ұстаздық қызметіне оралды. 1978 жылы Студенттер кәсіподақ ұйымының төрағасы болып тағайындалды.

1980 жылы Бүкілодақтық Мәскеу қаласындағы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасының күндізгі бөліміне түсіп, 1983 жылы осы институтта кандидаттық диссертация қорғады. Осы жылы Шымкент педагогикалық институтына қайта келіп, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерінде абыройлы еңбек етті.

1989 жылы Мәскеу қаласындағы В.И.Ленин атындағы Мәскеу педагогикалық институтының докторантурасына түсіп,   1991 жылы  докторлық диссертациясын сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының докторы ғылыми атағын иеленді.

1992 жылдан 1994 жылға дейін М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтында факультет деканы, проректор қызметтерін атқарды.

1994 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Вице-президентінің орынбасары, М. Әуезов атындағы Шымкент институтының директоры, 1996 жылы Жетісай қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің «Сырдария» жоғары колледжінің ректоры, 1997 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Жетісай оқу орталығының директоры, 1998-2004 жылдары мемлекеттік емес Сырдария университетінің Президенті қызметтерін атқарды.

2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті  Мәжілісінің ІІІ шақырылымының депутаты, мәдени-әлеуметтік даму комитетінің хатшысы болды.

ҚР Парламент Мәжілісі депутаты ретінде Мақтарал ауданының көптен күткен «Мақта шаруашылығы саласын дамыту» туралы заңын қабылдауда белсенділік танытты.

Мақтаралдағы суармалы жердің гектарының құнын 204 мың теңгеден 131 мың теңгеге төмендеуіне ықпал етті. Ата Заңымызға толықтырулар мен өзгертулер енгізуге құнды ұсыныстар жасады. Халықтың мәдени-әлеуметтік жағдайларын жақсартатын заңнамалармен түпкілікті айналысты. Оралмандардың елге оралу саясатымен терең шұғылданды.

ОҚО-дағы СПИД мәселесін көтерді, осының арқасында Үкімет Шымкенттегі қан құю орталығының құрылысына 6,5 млрд қаражат бөлді.

Мақтарал ауданындағы орталық аурухананың құрылысын аяқтауға Республикалық бюджеттен 2 млрд 300 млн теңге бөлінуіне ықпал етті. Бүгінгі күні 240 орындық аурухана мен бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана аудан  халқына абыроймен қызмет етуде.

2007-2010 Сырдария университетінің «Қамқоршылар кеңесінің» төрағасы, 2010-2011 жылдары «Самұрық-Қазына-Астана» корпоративтік қоры бас директорының орынбасары болды.

2011-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, 2017 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Іргетасы 1937 жылы Мұғалімдер институты болып қаланған білім қарашаңырағының қайта еңсесін тіктеп, мемлекеттік мәртебеге ие болуына, университет атануына үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Оңалбай Аяшұлының еңбегі ұшан-теңіз.

Оңалбай Аяшев 2011 жылдан бері ОҚО мәслихатының 5,6 шақырылымының депутаты ретінде облыс көлемінде жәрдемге мұқтаж жандарға үнемі әлеуметтік көмек көрсетіп келеді.

Өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, іскерлігімен облыс өңірінің өсіп-өркендеуіне, көркеюіне қызмет етіп келе жатқан О.Аяшев ҚР Президентінің саясатын қолдай отырып, қолданыстағы заңнамаларды насихаттау, түсіндіру мақсатында облыс халқымен жиі-жиі кездесулер өткізіп, университет оқытушылары мен студенттерін облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосуға бағыттап келеді.

Ұлт Көшбасшысының ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақтың кемелділігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектерін насихаттайтын «Президенттің назары» (2008ж.), «Елбасы» (2010ж.), «Тәуелсіздік» (2011ж.) және «Елбасы сүйген Оңтүстік» (2011ж.), «Жүректе қалған тұлғалар» (2012ж.), «Ұстаздың базалық білімі» (2014ж.), «ОйСерік» (2014ж.), «Философия формирования профессиональной готовности будущих учителей» (2016), «Жас ұстазға 100 бағдар» (2016), «Мышление учеников начальных классов» (2016), «Елбасы шапағаты. 100 сөз» (2016) атты еңбектердің авторы. Сонымен қатар, республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан» газеттерінде  «Сана сеніміндегі басты бетбұрыс», «Болашақтың бағдаршамы», «Әрі сын, әрі сенім», «Лидер», «Дәрулік дәріс», «Болашаққа көзқарас: педагогикалық білім перспективалары», «Серпін», «Беласқан», «Тау тұлға», «Топжарған», «Ұлт Жоспары - ұлы мүдде», «Ұстаз - ұлт болашағының айнасы», «Ар мен абырой мерейі», «Қоршаған ортаны өзгерту немесе жаңа қуат көздері», «​Личность начинается с учителя»,  «Өркениеттік таңдау өрісі», «Жаңа әліпби келер ұрпаққа мақтаныш»,  «Латын графикасына көшу – өркениетті шешім»,  «Уақыт сыйлаған еңбектің дәмі», «Рух мәдениеті», «Ел санасын еселеген бастама»,  «Озық ой құдіреті» тағы басқа да көптеген мақалалар мен  сұхбаттары жарық көрген.

2015 жылы Мемлекет басшысының хаттамалық тапсырмасының аясында салынуы тиіс 12 қабатты, 500 орындық  Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің  «Студенттер үйінің» құрылысын мерзімінен 5 ай бұрын аяқтап, пайдалануға берілуіне аянбай еңбек етті.

Аяшев Оңалбай  Қазақстандық білім беру үдерісінде бүгінгі күні қойылып жатқан талаптар мен міндеттерді жүзеге асырушы білікті басшы, іскер ұйымдастырушы. Болон процесі белгілеген міндеттерге сәйкес университеттің оқу жүйесін академиялық ұтқырлық, еркіндік принциптері негізінде қалыптастырды. Ол басқарып отырған жылдар ішінде Батыс Еуропаның танымал жоғары оқу орындарының ғалымдары мен мемлекет қайраткерлерінің студенттер алдында лекция оқуын, университеттің оқытушы-профессор құрамымен бірлескен оқу-әдістемелік, ғылыми жобалардың жүргізілуін қамтамасыз етті.

Қазіргі таңда университет оқу, ғылым, тәрбие салаларында ғана емес, академиялық ұтқырлық бағдарламасын дамытуға күш салуда. Әлемдік білім беру жүйесіне сәйкес  жақын  және алыс шетел азаматтары білім алатын ордалы оқу орнын құру –  университеттің алдына қойған негізгі міндеттерінің бірі. Осы мақсатпен бүгінгі таңда 12 шет мемлекеттің 28 жоғары оқу орнымен қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша жұмыстар жүзеге асуда.

200-ден астам ғылыми мақалалар мен 17 оқу-әдістемелік құралдың, 15 оқулықтың авторы.

Ресей Федерациясы педагогикалық және әлеуметтік ғылымдар академиясының (1995), Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының  (1998), Қазақстан Республикасының Педагогика ғылымдары академиясының толық мүшесі (2015), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (2017).

Оңалбай Аяшев  Мақтарал ауданының (2001), Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы (2018 жыл).

«Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» (2000), «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2001), «ҚР тәуелсіздігіне – 10 жыл» (2001), «ҚР Конституциясына – 10 жыл» (2005), «ҚР Парламентіне – 10 жыл» (2006), «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» (2012), «Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл» (2014), «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» (2015), «Ерен еңбегі үшін» (2015), «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» (2015), «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» (2016), «Қазақстан полициясына 25 жыл»  мерекелік төсбелгілерінің иегері.

«ҚР Президентінің Алғыс хаты» (2005, 2010, 2015, 2016), «Оңтүстік Қазақстан облысының «Үздік ғалымы» (2006),«Құрмет» ордені (2013), «Парасат» ордені (2018),«Primus Inter Pares» (2013), «Даңқ Жұлдызы» (2014),«Звезда славы. Экономика Казахстана» (2014), «Сала Көшбасшысы», Союз Национальных бизнес - рейтингов (2014) атақтарымен және «Слава нации» ордені (2016), «Гордость образования» (2018) орденімен марапатталған.

«Қазақ үні» газеті мен qazaquni.kz ұлттық порталы 2016 жылы ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өту мақсатында «Жыл адамы» жобасын жариялады. Сарапшылар алқасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Жыл адамдарын» анықтап, республика бойынша 2016 «Жылдың үздік ректоры»болып Оңалбай Аяшев таңдалды. Бұл ректордың 5 жылдық жұмысына берілген жоғары баға еді.