Сариев Бердімұрат

САРИЕВ БЕРДІМҰРАТ

физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент

 

Сариев Бердімұрат 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Таскен ауылында дүниеге келген. 1961 жылы ауылдағы орталау мектепті, 1965 жылы Шымкент қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепті күміс медальмен бітірді.

1965-1970 жылдары Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінде оқып білім алды.

Еңбек жолын 1970 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтында оқытушылық қызметтен бастады. 1971-1973 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеді. 1973-1976 жылдары Шымкент педагогикалық институтында оқытушылық қызметте болды. 1976-1979 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің дифференциалдық теңдеулер кафедрасында академик Қ.А.Қасымовтың жетекшілігімен  аспирантурада білім алды.

1988 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты, 1994 жылы ақпараттандыру және басқару мамандығынан доцент ғылыми атағын  иеленді. Ол Сингулярлы  дифференциалдық теңдеулер және ақпараттандыру тақырыптарына жазылған 30-ға жуық мақалалар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Б.Мутчаев және М.Бектұрғановпен бірлесіп «Көп нұсқалы тестілеудің компьютерлік технологиясы» атты интеллектуалдық меншіктің иегері (№599 куәлік, 17.06.199ж) болды. Бұл технологиямен облысымыздың бірнеше жоғары және орта кәсіптік оқу орындарында сынақ, емтихандар, аралық және қорытынды бақылаулар тест жүйесімен компьютерде өткізілуде. Қазіргі уақытта бұл тәсіл уақыт сынағынан  өтіп студенттердің білімін әділ де дәл бағалауда оқу процесінен өз орнын алды десе де болады.

Б.Сариев 1980-1996 жылдары Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ Шымкент бөлімінде оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі және компьютер орталығының жетекшісі, оқу-әдістемелік бөлімнің басшысы қызметтерін атқарды. 1996-1997 жылдар аралығында Жетісай қаласындағы “Сырдария” жоғары колледжі (қазіргі “Сырдария” университеті) директорының орынбасары; 1998-2000 жылдары Шымкент қаласындағы «Мұрагер» институтының проректоры; 2001 жылдан «Мұрагер» институты жанындағы колледждің директоры қызметін атқарып келеді.