СМАНОВ  ІЛЕСХАН 

СМАНОВ  ІЛЕСХАН 

педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Сманов  Ілесхан  Сманұлы 1949 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм  ауданы, Отырар бөлімшесінде дүниеге келген.

1969-1973 жылдары Шымкент педагогика институтының физика факультетінде  «Сурет және сызу» мамандығы бойынша оқып, білім алды. 1985-1990 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқыды.

Еңбек жолын 1968-1969 жылдары Гурьев облысындағы Мақат стансасында теміржол депосында жұмысшы болып бастады. 1973-1981 жылдары Т.Тәжібаев атындағы орта мектептің  мұғалімі, интернат меңгерушісі, 1981-1993 жылдары Шымкент педагогикалық институтында сызу және сызба геометриясы кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарды.

1990 жылы «Бейнелеу өнерін сынып жетекшісі жұмысы саласында тәрбие құралы ретінде пайдалану» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 1993 жылы Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі  факультетінің деканы, 1994 жылы Сызу және сызба геометриясы кафедрасының доценті қызметін атқарды. 1996 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ сырттай оқу бөлімінің деканы, 1999 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент институтының оқу-әдістемелік жұмыстары бойынша проректоры болып қызмет атқарды.

2000 жылы «Мектеп оқушыларын тәрбиелеу процесіне кәсіби маман даярлау жүйесіндегі өнердің алатын орны» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады.

2001-2004 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ШИ философия кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2006 жылы қыркүйек айында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Президентінің кеңесшісі болды.

2006 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі ОД  14.61.35 біріккен диссертациялық кеңесінің мүшелігіне қабылданды.

2008 жылы  ҚР БжҒМ Жоғары Аттестациялық Комитетінің шешімімен профессор ғылыми атағы берілді. 8 ғылым кандидатын, 1 ғылым докторын даярлады. І.Сманов 200-ге жуық ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерін жариялаған. Оның ішінде,  3 монографиясы, 17 оқу құралы, 1 слайдфильмі  (Ш.Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы. Алматы қ.) бар. 

2006 жылы Ы.Алтынсарин атындағы медальмен, 2007 жылы «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды.

І.С.Сманов 2008 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері.

2011-2012 оқу жылынан бастап Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының  сырттай оқу факультетінің деканы қызметін атқаруда.