Парасат биiгiндегi азамат

02.06.16

Тумысынан ана тілін пір тұтқан ғалымға оқу орнының шәкірттері, айтыскер жас ақындар жырдан шашу шашты. Сөз алған ОҚМПИ-дің ректоры Оңалбай Аяшев академикті мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. 
– Сізді оңтүстікқазақстандықтардың атынан 80 жасқа толу мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Сізге зор денсаулық, баянды бақыт тілейміз, – деді О. Аяшев. 
Өмірзақ Айтбайұлы 1936 жылы 5 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл (бұрын Түркістан ауданына қараған) ауылында ағартушы-мұғалім отбасында дүниеге келді. Өмір жолын академик 1953 жылы Кентау қаласындағы Мырғалымсай «Сантехмонтаж» мекемесінде темір шебері болып бастайды. 1954-1959 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің филология факультетінде оқиды. Ол студенттік жылдардың өзінде ғылыми, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. 1959-1962 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, 1962 жылдың көктемінде Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына кіші ғылыми қызметкер болып ауысады. Міне, осыдан кейін ол табан аудармай ғылыми жұмыспен түбегейлі айналысады. Ғалымның тіл білімі ғылымына қосқан үлесі жоғары бағаланып, «Құрмет» (1998) пен «Парасат» (2006) ордендерінің иегері болды.
Ұлттық рух пен мәдениетіміздің нағыз қамқоршысы болған Өмірзақ Айтбаев ғылым мен өнерді қатар алып келе жатқан ғалым. Оның «Жар сәлемі», «Жас ойшыл», «Ана тілі», «Тіл өнері дертпен тең», «Ақ қоян», «Өренім» атты көптеген әндері жұртшылыққа мәлім.
Кездесуде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері ақын, Қасымхан Бегман, филология ғылымдарының кандидаты Анар Жаппарқұлова қоғам қайраткері Өмірзақ Айтбаевқа арнау өлеңдерін оқыды. Өз кезегінде бірге қызмет еткен ғалымдар да мерейтой иесінің еңбегіне тоқталып өтті. 

54 жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан академиктің тіл білімі саласына қосқан үлесі зор. Ғұмыр бойы жемісті еңбек етіп, тілдің дұрыс қолданылуының көкейтесті мәселелерімен шұғылданды. Мақалалар жазып, жинақтар шығарды. Жалпы саны 500-ден аса еңбектері, олардың ішінде 30-ға жуық кітапша, кітаптар мен монографиялары жарық көрді. Өмірзақ журналистика саласында абыройлы қызмет атқарды. Егер ол газеттегі жұмысын жалғастырғанда қаламы қарымды журналист немесе жазушы болар ма еді?! Бірақ, ол ғылымды таңдады. Бүгінгі мерейтойында алдағы өмірінде қолынан қаламы мен домбырасы, аузынан аталық сөзі мен әні түспесін дейміз, – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Қабдолқайырұлы. 
Әдеби танымдық кеште өңірдің зиялы қауым өкілдері де игі тілегін білдірді. Жазушы Мархаббат Байғұт Өмірзақ Айтбаевты құттықтап, «Күнгей көңіл» кітабын тарту етті.
Академик Ө. Айтбаев өзіне көрсетілген ілтипатқа алғысын айтып, ел үшін аянбай еңбек ететінін жеткізді. 
– Жерлестерімнің сый-құрметіне ризамын. Атамекенмен қауышып, Шымкенттің айтарлықтай өзгергенін көріп, қуандым. Біздің тіліміз тек сөйлеу тілі ғана емес, қоғамға да қызмет ететін тіл болуы керек. Тілге Ахметше қызмет етуіміз керек. Менің өмірімде кие тұтып келе жатқан үш мұрам бар. Ол ана тілі, содан соң ән мен күй және қоңыр домбырам» деп түйіндеді.