ХХІ ғасырдың үздік педагогы анықталды

11.06.16

 Республикалық «ХХІ ғасыр педагогы» байқауын сексен жылдық тарихы бар Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты  «Педагог» жоғары оқу орны Ассоциациясымен бірлікте, Алматы аймақтық жоғары оқу орындары кеңесінің төрағасы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің қолдауымен жоғары дәрежеде ұйымдастырып, өткізді.

Еліміздің барлық өңірлеріндегі жоғары оқу орындарынан 50-ге жуық өтініш келіп түскенімен алғашқы кезең – үй тапсырмасына берілген  ғылыми жоба бойынша 30 талапкердің жұмысы келесі кезеңге өтті. Байқаудың ашылуында сөйлеген сөзінде ОҚМПИ ректоры Оңалбай Аяшев бұл байқаудың алғаш рет І.Жансүгіров атындағы  Жетісу мемлекеттік университетінде өткенін, қазіргі таңда күн тәртібіндегі  басты  мәселелердің бірі бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелеу екенін,  осы тұрғыдан алғанда XXI ғасыр педагогы озық  идеялды, қазіргі заманауи  әдіс-тәсілдер мен технологияны меңгерген,  теориялық дайындығы жоғары,  үнемі өз білімін шыңдап отыратын, инновацияны білім саласында үздік қолдана білетін жан-жақты тұлға болуы тиістігін атап өтті.

   Байқаудың екінші кезеңіне Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінен,  Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты, І.Жансүгіров атындағы  Жетісу мемлекеттік университеті, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Еуразия гуманитарлық институты, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, «Сырдария», Академиялық инновациялық университетінен, тағы басқа университеттерден 27  үміткер қатысты. 

Байқауға қатысушылардың білімін сарапқа салып, әділ бағасын беретін қазылар алқасының құрамын Еуразия гуманитарлық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Құсайынов Амангелді Құсайынұлы басқарды. Қазылар алқасы төрағасының орынбасары  «Педагогика және психология» журналының бас редакторының орынбасары, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қайдарова Аймен Жексембайқызы, ҚызМемПИ доценті Байташова Гаухар Өмірәліқызы, ОҚМПИ бірінші проректоры-оқу ісі жөніндегі проректор Исабек Баршагүл Қашқынқызы тағы басқалар мүшелік еткен құрам өз жұмысын ережеге сай жүргізіп отырды.

 Байқаудың «Өзін-өзі таныстыру» деп аталатын кезеңінде 27 қатысушы еркін формада өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісе отырып, презентацияларын сәтті қорғап шықты.

Үшінші кезеңде байқауға қатысушыларға оқу-тәрбие  үдерісінің педагогикалық- психологиялық  теориясы негіздері бойынша білімдерін тестілеу сынағы өткізілді. Тестілеудің нәтижесінде келесі кезең – ашық сабаққа сынаққа қатысқан 26 үміткердің 17-сі жіберілді.

Төртінші кезеңде үміткерлер өздерінің қалаған тақырыбында жаңа технологияларды, педагогикалық әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып ашық сабақ өтті.

Байқау қорытындысы бойынша барлық қатысушылар алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ, ОҚМПИ ректорының арнайы номинацияларымен бірнеше қатысушылар мадақталды: «Көптілді педагог» – Шингисбаева Жадыра (М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті), «Үздік презентация» – Тугелбаева Алтынай (Атырау инженерлік –гуманитарлық институты), «Үздік креатив педагог» – Ибрагимов Аман (Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті), «Үздік портфолио» – Ахметжанова Назым (Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университет), «Тапқыр педагог» – Жақсыбекова Динара (Қазақтың спорт және туризм академиясы), «Үздік өлкетанушы» – Байбосынова Ләйлә (Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты). Номинация иелеріне институт студенттері салған картиналар табыс етілді.

Байқаудың жүлделі үшінші орыны үш қатысушыға бұйырды: Қосжанова Ақмарал (Еуразия гуманитарлық институты), Молданова Жазира (Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты), Файзиев Нұржан («Сырдария» университеті). Оларға қазылар алқасының төрағасы, Еуразия гуманитарлық институтының ректоры  Құсаинов Амангелді Құсайынұлы ұялы телефон-смартфон табыстады.

Екінші орынды айтыскер ақын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының аға оқытушысы, ф.ғ.к. Жаппарқұлова Анар мен Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, б.ғ.к. Зияева Гулнар өзара бөлісіп, оларға ОҚМПИ ректоры Оңалбай Аяшев үй кинотеатрына арналған дыбыс ұлғайтқыш табыс етті. 

Бірінші орын  жер жәннаты Жетісудан келген І.Жансүгіров атындағы мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Асылова Раушан Омарқызына берілді.

Бас жүлдеге Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің доцент міндетін атқарушы, 80-нен аса ғылыми мақала мен 5 оқулықтың авторы, «Болашақ» стипендиясының иегері, ағылшын, қазақ, орыс тілдерін еркін меңгерген заманауи ұстаз Игимбаева Гаухар Тлеубекқызы лайық деп танылды. Бірінші орын мен бас жүлде иегерлеріне «Ректорлар лигасының» төрағасы Серік Жайлауұлы Пірәлиев ноутбуктер тапсырды.

 

 

Сапарбаева Қарлығаш

ОҚМПИ оқу-әдістемелік басқарма басшысы