Республика студенттерінің кәсіптік білім байқауы басталды

12.05.17

Республика студенттерінің кәсіптік білім байқауы басталды

Шымкентте жоғары оқу орындары студенттері үшін республикалық пән олимпиадасы басталды. Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық институтында өтіп жатқан білім додасында 14 команда бақ сынауда. Жүйріктер ішінен ертең кәсіптік оқу үздігі анықталады.

Сайыстың 9 жылдық тарихы бар. Былтыр Алматыда өткен білім додасында шымкенттіктердің асығы алшысынан түскен.  Сол себепті де,  биылғы байқауды жоғары деңгейде өткізу оңтүстікқазақстандық оқу орнының еншісіне тиді.

Айдайқыз Байбатшаева – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі

Былтырғы жылы біз жеңімпаз болдық. Біздің студенттер 5 минуттың ішінде шығармашылық жұмысты тиянақты атқарып берді. Сайыс балаларды жан-жақты дамыған, білікті педагог болуға үндейді.

Кәсібіне кәнігі жас  үш кезеңнен тұратын байқауда барын салады. Алдымен бүгін тестілеуден өтеді.  Ертең шығармашылық және теориялық бағытта емтихан тапсырады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген өрендердің дайындығы да жоғары. Жаңа технологияны ұсынып, жұртты таң қалдырғандары да бар.

Назгүл Балабекова – Байқауға қатысушы  /Астана/ 

Біз металлотехнология бойынша ұсынысымызды алып келдік. Бір қызығы, негізі бұл жұмыспен жігіттер, яғни, ер балалар айналысуы керек. Ал, біз қыздардың да мүмкіндігі барын көрсетеміз. Астанадан келген соң, дәл осы біздің мамандыққа қатысы болғандықтан, барша оңтүстікқазақстандықтарды «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалуға шақырамын.

Алтынбек Ермаханов–Байқауға қатысушы /Ақтөбе/

Біз кәдімгі қазақтың астауын қалай жасау керек, оған қандай бұйымдар керек, қасиеті неде, міне, осы бағытта өнерімізді көрсетеміз. Қиын ештеңе жоқ, жеңістен дәмеліміз.

Аталмыш дода екі күнге созылмақ. Бұл уақытта өзге өңірден келген студенттер тек сайысып қана қоймай, аймақтағы тарихи орындарды аралайды. Сөйтіп, қазақылықтың қалпы, дәстүр-салты сақталған елдің әлеуетін бағамдайды.

 

http://shymkenttv.kz/kz/news/education_science/respublika-studentterinin...