«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»

15.05.17

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани жаңғырудың сара жолына түсіп, санамызды өзгертпесек, тарих көшінде жеңіске жете алмайтынымызды, барымызды бағалап, ертеңімізге қазірден қам жасап, кертартпа кеселдерден тез арада арылмасақ, көш бастаған өркениетті елдерге жете алмасымызды  аңғартып қана қоймай, алдағы кезек күттірмейтін келелі міндеттерді айқындап берді..

Тәуелсіздік жылдарында білім саласында қол жеткізген жетістіктеріміз ретінде ең алдымен «Болашақ» бағдарламасы, Назарбаев университет мен Назарбаев зияткерлік мектептері аталатыны белгілі. Ұлт көшбасшысы мақаласында білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуы керектігіне айрықша назар аударды. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты студенттері мен оқытушылары да мемлекеттің аталған бағыттағы қолдауын сезініп келеді. Академиялық ұтқырлық аясында 40-тан астам студентіміз Германия, Болгария, Балтық жағалауы т.б. елдердің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болса, ал бірқатар профессор-оқытушыларымыз Германия, Португалия, Жапония сияқты елдерге барып, біліктіліктерін жетілдіріп қайтты..

Технологиялық ғасырдың бағыты алдағы онжылдықта бірқатар мамандықтардың жарамсыз, керексіз боп, күресінге лақтырылып, кәдеге аспай қалатынын байқатуда. Сондықтан да жастарымыз кәсібін қиналмай өзгертуге қабілетті, жаңа білімге ден қоюдан, жаңаны үйренуден қашпайтын әмбебап, ұтқыр, икемді болуы тиіс. Бұл бағытта институтта студенттер негізгі мамандықтарымен қоса «Қоғамдық кәсіптер даярлау» орталығында тігінші, ағаш шебері, тоқымашы, компьютерлік дизайн, суретші-безендіруші, фотосуретші, хореограф т.б. қосымша біліктілік алып, арнайы сертификат иеленеді. 

Елбасы айқындаған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» деп аталатын бірегей жоба студенттерге әлемдік құндылықтардың бұлағынан қанып сусындауға, жаңа танымдық көкжиектерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ұлттық аударма бюросын құру да толғағы пісіп-жетілген, көкейкесті мәселе. Осы орайда университет мәртебесін алуға ұмтылып отырған іргелі оқу орнымызда жаңа «Аударма ісі» мамандығын ашу аталған салаға қажетті маман даярлауға өз үлесін қосатынына кәміл сенеміз.

Латын әліпбиіне көшу міндеті де кезек күттірмейтін ауқымды істердің бірі. Дәл қазір бұл мәселені сан-саққа жүгіртпей, ел дамуына, ұлт болашағына қажетті киелі парыз, ұлттық мұрат ретінде қабылдап, оған көшудің тиімді тәсілдері мен ұтымды тетіктерін ойластыруды қарастырған абзалырақ. 

«Туған жер» бағдарламасы отаншылдық деген ұлы сезімді жалаң ұраншылдықпен емес, ауылға, ондағы тау-тасың мен бұлақ-бастауыңа деген шынайы сүйіспеншілікті сезіну арқылы қалыптастыруға бастайды. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жоба арқылы ұлттық рухани құндылықтарымызды қадірлеп-қастерлеуді құрғақ сөзбен емес, нақты іспен жүзеге асырып, мәдени туризм деңгейін жоғарылата аламыз. 

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы адамдарды рухани тұрғыда оятатын ұлттық тіл мен дәстүрді қайта жаңғырту; ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының асыл қазынасы – мәдени-рухани мол мұрасын белсенді түрде меңгеру ұрпақаралық сабақтастықтың сақталуына ықпал етеді. Институт басшысы О.Аяшевтың бастамасымен әлемдік аренаға жол тартуға лайық заманауи мәдениет өкілдерімен жас ұрпақты таныстыру дәстүрі жыл сайын жарасымды жалғасын табуда. Киелі қара шаңырағымызда дүниежүзінің биік сахналарында өнер көрсетіп жүрген бұлбұл дауысты әншіміз Нұржамал Үсенбаева, бокс өнері арқылы қазақты әлемге танытуға үлес қосып жүрген ұлтжанды перзентіміз Қанат Ислам сияқты танымал тұлғалармен кездесудің ұлттық намыс пен жігерді, ұлттық рухты асқақтата түсу, ұлттық генетикалық код негізін құрайтын мәдени құндылықтар мен ұлттық дәстүрді жаңғыртуда маңызы зор. Ал осы рухани құндылықтарды кітап шығару жолымен ғана емес, мультимедиалық өнімдер арқылы әлемге таныту – институт ғалымдарының болашақтағы ғылыми-зерттеу, әдістемелік тың ізденістеріне арқау болары анық.

Президентіміз Н.Назарбаевтың талай ұрпақтың жасампаз еңбегімен, қуаныш-қайғысымен сараланған, бүгінгісімен дәйектелген, жарқын болашаққа деген сеніммен суарылған рухани дүние ретінде ұсынған ұлттық идеясы шын мәнінде тәуелсіз елдің еңсесін тіктеп, терезесін әлемдегі озық елдермен тең етуге бастайтын стратегиялық маңызы бар тұғырнама екені сөзсіз.

Ақлима БАЙҒҰТ
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының тәрбие істері жөніндегі проректоры, 
филология ғылымдарының кандидаты