БОЛАШАҚҚА БАҒДАР ЖАСТАРДЫ АРМАНҒА ЖЕТЕЛЕЙДI

15.05.17

БОЛАШАҚҚА БАҒДАР ЖАСТАРДЫ АРМАНҒА

Тарихы терең, даласы дастан, рухани байлығы шексiз қазақ даласы ширек ғасыр уақытта әлем танымастай өзгердi. Түрленiп, ерекше кейiпке ендi. Қуатты, дамыған мемлекетке айналды

Ел бiрлiгiн сақтау – күрделi саясат. Ол үнемi жетiлдiрудi, қоғамдағы үрдiстердi ұдайы зерделеп, ой таразысынан өткiзiп, заманауи сын-қатерлерге уақтылы тойтарыс берiп отыруды қажет етедi.

Еңсесi биiк, iргесi берiк ел болу жолындағы ерен еңбекте Қазақстанды Отаным деп санайтын әрбiр азаматтың үлесi бар. Елiмiзде тiлiне, дiнiне, нәсiлiне қарамастан, барлық азаматқа мол мүмкiндiк жасалып, тең құқық берiлген. Елбасының байсалды этносаралық қатынас саясаты әрбiр азаматтың ұлттық болмысын сақтауына толық мүмкiндiк бердi. Қазақстанда 15 тiлде 60-тан астам этникалық ақпарат құралы, оның iшiнде 34 мерзiмдi баспасөз бен 26 сайт тұрақты жарық көредi. Орыс, немiс, өзбек, ұйғыр, корей театрлары жұмыс iстейдi. 190 жексенбiлiк мектепте 30-дан астам этностың ана тiлi оқытылады. Әлемде дәл осылай барлық этностарға бiрдей қамқорлық жасап отырған Қазақстандай ел некен-саяқ. Бұл – Елбасының қажырлы еңбегiнiң нәтижесi.

Дүрбелеңге толы дүниеде елдiң ешбiр сына қағылмастай тұтас болуы айрықша маңызды. Ел бiрлiгi дегенiмiз, Елбасы айтқандай, ең алдымен қазақтың бiрлiгi, қазақтың маңына ұйысқан барша этностардың бiрлiгi. Ешкiмдi ұлтына, дiнiне, тiлiне қарап бөлмеу, кемсiтпеу – зайырлы, мәдениеттi елдiң белгiсi. Кез келген саладағы саясат байыптылықпен, байсалды түрде жүргiзiлсе ғана баянды болатынын өмiрдiң өзi көрсетiп отыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұлтты ұйыстырушы және қоғамды тұрақтандырушы, қоғамдық келiсiм мен ұлттық бiрлiктiң қазақстандық үлгiсi. «Қазақстан–2050» стратегиясында Мемлекет басшысы рухани келiсiм мен бейбiтшiлiк мәдениетiнiң ата-бабалардан мирас болып, ықылым замандардан қанымызға сiңген басты 7 қағидасын атаған болатын: тең құқылық, ортақ жауапкершiлiк, байсалды тiл саясаты, зайырлы ел сипаты, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, жалпықазақстандық мәдениет. Қазақстан халқы Ассамблеясы қағидалары тұтаса келгенде елiмiздегi бейбiтшiлiк пен бiрлiктiң формуласы айқындалып, Ассамблеяның бүгiнгi және ертеңгi келбетi толығымен ашылды.+

Бiздiң ұлы мақсатты елiмiз бар, ұлан-ғайыр жерiмiз бар. Бабалардан мирас болған қарыс қадам жердiң өзiн қадiрлеп, гүлдендiру – әрбiр қазақстандықтың перзенттiк парызы. Бiз өзiмiздiң Отанымызды, осындай биiк деңгейге жеткенiмiздi мақтан етемiз. Мұның барлығы бiрiншiден, қазақ халқының тарихи менталитетiнiң арқасы, екiншiден, әрине, осыншама халықты айрандай ұйытып, бiрлiкке шақырып, ұйымдастырып отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың арқасы. Бұл – шындық.

«Ендiгi жерде бiз бәрiмiз бiр атаның – қазақ халқының ұлымыз. Ендiгi жерде бәрiмiздiң туған жерiмiз бiреу – ол жалпақ қазақ даласы. Өз халқын сүйетiн адам, өз жұртына жақсылық тiлеген кiсi өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкiмге қарсы қоймайды. Отбасында екеу келiспесе – шаңырақ шайқалады, екi басшы келiспесе – компания күйрейдi, ал, ел iшiнде, ұлт пен ұлыс арасында жанжал шықса, мемлекет құлайды. Еңсесi биiк елдiкке есi кеткен ғана топырақ шашады. Қазақстандағы ұлтаралық жарастықтың негiзгi ұйытқысы болу мiндетiн алдымен осы атамекеннiң иесi – қазақ халқы өз мойнына алуы керек. Жаулықтың ең үлкенi, ең қиыны – ынтымақ үшiн ымыраға бара алмау.

Кiммен дос болу, кiммен жақындасу, кiмнен өзiңдi алысырақ ұстау – ұлтты сақтаудың кепiлi. Бiрлiк, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен, өзiмiзге – қазақтарға керек. Бiздi бiрiктiретiн жеке бастың қамы емес, бiздi ел туралы биiк ұғымдар, ортақ мүдделер ғана бiрiктiре алады. Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық iсте жарасқанға бұйырады. Бiрлiгi берекелi, тiрлiгi мерекелi, ынтымағы жарасқан елдiң ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Адам мен адамды, халық пен халықты, ел мен елдi жақындастырар ең берiк дәнекер – мүдде бiрлiгi. Қазақ өзiмен-өзi тату болмай, өзгемен ешқашан тату бола алмайды» дейдi Елбасы. Бұдан артық не айтуға болады?! Ендiгi жерде осы мақсат-мұрат жолында аянбай тер төгетiн болсақ, жарқын болашаққа барша қазақстандық бiрге жетерiмiз ақиқат

Басты ұраны – Ел бiрлiгi болған Ассамблея жұмысының негiзгi мiндетi – мемлекетiмiздегi тыныштық пен татулықты ту етiп ұстау. Бiрлiк болмай тiрлiк болмайтынын жақсы түсiнетiн жергiлiктi ұлт өзге ұлттың ешқайсысын ешқашан өзекке тепкен емес, теппейдi де. Қиын-қыстау кезеңнiң өзiнде нанын ғана емес, үйi мен киiмiне дейiн бөлiскен қазақ халқының кеңпейiлi мен жомарт көңiлiнiң арқасында елiмiздегi түрлi этнос өкiлдерi тату-тәттi тұрып жатыр. Бұл жайында Елбасы Н. Назарбаевтың: «Бiрлiк аспаннан өзi келiп түспейдi, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келедi. Мен кең-байтақ жерiмiзде татулық пен тыныштық болғанын тiлеймiн. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенiн еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердiң мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерiнiң алдында қасiрет шегiп, жыламағанын қалаймын» деп мәлiмдеуi Ассамблеяның шын мәнiндегi миссиясын ашып көрсетсе керек. Түптеп келгенде, тәуелсiздiк жылдарында қол жеткен әрбiр жетiстiктiң, асқан әрбiр асуда - елдегi тыныштық пен тұрақтылық, бейбiтшiлiк пен бiрлiк өзегiне айналған

«Берекелi жерден мереке кетпес» деген дана халқымыз, бiрлiк бар жерде тiрлiк болатынын тарих беттерiндегi түрлi оқиғалар арқылы бiзге сара жол етiп көрсете бiлдi. Берекеге бастау болар бiрлiктiң тәуелсiздiк алған тұста маңыздылығы одан сайын арта түстi. Жаһандану үрдiсi белең алған тұста жас егемендi мемлекетiмiз өзiнiң iшкi бiрлiгiн ғана емес, елiмiзде тұратын басқа этностар да өзара достастығы мен татулығын қамтамасыз етуi қажет

«Жiгерлi болса, ер болар, бiрлiктi болса, ел болар» деген жүз жыл жырлаған жүрек иесi Жамбыл ақынның дана сөзiн iс жүзiнде шындыққа ұластырған, түрлi этнос өкiлдерiнiң басын қосқан Ассамблея – бүгiнде мемлекетiмiздегi тұрақтылық пен татулықты сақтаудың басты берiк тұғырына айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл миссиясын лайықты деңгейде атқарып та келедi. Оның бiрден бiр айғағы – қазақстандық үлгiдегi институттың керектiгiн әлемнiң көптеген елдерiнде мойындалуында. Елдегi бейбiтшiлiк пен келiсiмдi, тұрақтылық пен татулықты сақтап, дамытудың бiрегей тетiгiне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы елiмiздiң өшпес құндылығы – Тәуелсiздiкке тiрек болған Ел бiрлiгiнiң ең басты тұтқасы

Елбасы Оңтүстiкке келген сапарында үштiлдiлiктi толыққанды енгiзудiң өзектiлiгiн заман талабымен байланыстырып, уақыт сұранысын қанағаттандыру өркениет көшiне iлесудiң негiзгi жолы екендiгiн ашып айтты. Ұстаздар шеберханасы – Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институты Мемлекет басшысының саясатын ерекше ұқыптылықпен қолдап келедi. Ағылшын, орыс тiлiн бiлетiн және еркiн сөйлейтiн студенттер саны күн санап көбеюде. Әртүрлi тiлдi бiлу сол елдiң мәдениетi мен дәстүрiнен хабардар болуға ғана емес, сол тiлде сөйлейтiн халықпен тiл табысуға мүмкiндiк беретiнiн бiздiң студенттерiмiз жақсы түсiнедi. Соңғы заманауи ғылыми еңбектердiң көбiнiң ағылшын тiлiнде шығатынын ескерсек, тiлдi бiлген жанның өзгелерден бiлiмi де артық болатыны ақиқат

Уақыт тек алға жылжуда. Тiптi, болып жатқан өзгерiстер мен жаңалықтарды ой елегiнен өткiзiп те үлгермейсiң. Осы өзгерiстердiң барлығын қабылдап, басқа ұлттардың жан дүниесiн түсiну үшiн бiзге сананың ашықтығы керек. Сананың ашықтығы деп отырғанымыз не? Ол, әрине, сауаттылық, терең бiлiмдiлiк. Түрлi этнос өкiлдерi орналасқан елiмiздегi тыныштықты сақтап тұрған да осы сананың ашықтығы. Бiр үйдiң балаларындай болып, тату-тәттi ғұмыр кешiп отырған бiздiң елге көз алартатындар да жоқ емес. Мұндайға қарсы күш – бiрлiк пен достықта, өзара түсiнушiлiкте. Оның барлығының түп негiзi бiлiмге тiреледi. Сауатты жан әлiптiң артын бағып, сабырлылық сақтай алады. Жан-жағындағы жағдайларға байыппен, салқынқандылықпен ойлана қарап, тиiмдi шешiм қабылдайды. Елбасы айтқандай, «шыдамдылықтың арқасында бiр мемлекеттi емес, тұтас әлемдi сақтап қалуға болатынын» жете сезiнедi. Үнсiздiк – момындық, бойкүйездiк емес. Қазақта «сабырлылық жеткiзер мұратқа, сабырсыздық қалдырар ұятқа» деген мақал бар. Сырын ұққанның – ұтары көп. Бiздiң облысымыздағы жүзден астам этнос өкiлдерiнiң әрбiрiнiң қоғамда алар өз орны бар. Мемлекеттiң дамуына қосып жүрген үлестерi де жетерлiк. Өзге елдiң баласы деп өзекке тепкен кезiмiз жоқ, ондай сәт тумақ емес. Бiз, қазақтар, басқа ұлттарға үлгi болуды ойлайық. Бұдан да қиын-қыстау сәтте қиналғандарға қолұшын берген қанымыздағы жомарттық пен кеңпейiлдiлiктi келер ұрпаққа аманаттап, жерiмiздiң азаттығы мен тыныштығын сақтайық. Ұлтаралық жарастықты сыртқы дүниемен өзара тиiмдi ынтымақтастықта жүзеге асырғанда ғана өркениеттi елге айналмақпыз

Замана көшiнен қалмай, iлесiп, тiптi оза шабу үшiн бiзге не қажет? Өзгерiс. Өмiрiмiздi, ойымызды, мақсатымызды, мiндеттерiмiздi, армандырымызды өзгертуiмiз керек. Жаңаша ойлау – өзгерудiң алғашқы қадамы. Нарықтық экономикада таптаурын болған ескi сүрлеумен ешкiмдi таңқалдыра алмайтынымызға көзiмiз жеттi емес пе? Ендеше, әрбiрiмiз жаңа соқпақпен өмiрде өз iзiмiздi қалдырып, мемлекеттiң өсiп-өркендеуiне үлес қосқанымыз абзал. Табысқа жетудi көздеген жан елдiң тыныштығын да қоса ойлайды. Iскерлiктiң кiлтi – жаңашылдықта

Бiз «сөз қуғанның пәлеге жолығарын» жақсы бiлетiн халықтың ұрпағы ретiнде өнбес дауды қумаймыз. Кiсi баласымен жауласпаймыз. Ел бiрлiгi жолындағы мүддемiз бiр. Тiлегiмiз – татулық пен бiрлiк. Жауынгер бабалардан ерлiктi аманатқа алған қазақтар ешкiмнен қаймыққан емес. Сыйлағанның құлы. Ақылды, парасатты. Қазақ өзгенiң баласын өзекке тепкен емес, теппейдi де. Қоғамдық келiсiм – бiздiң ортақ тарихымыз. Ұлы дала – Отанымыз. Жүзден астам этносты құшағына сыйдырған бiздiң қасиеттi мекенiмiз баршамыздың құтты қонысымыз. Халқымыздың «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық iсте жарасқанға бұйырады» деген сөзi – бойтұмарымыз. Елбасының келешек ұрпаққа аманаттарымыз – ел бiрлiгi болуы керек деген сөзiн жас ұрпақтың бойына сiңiрiп келемiз

Бiздi құдiреттi өмiр жолы күтуде. Ең басты байлығымыз – ел бiрлiгiн сақтау. Өркениеттi елде өскен көреген азамат ретiнде Елбасы ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» шамшырағында сөз болған мәселелердi тыңғылықты жүзеге асыру – бәрiмiздiң арымызға сын.

Ұлттық сана – елге деген сүйiспеншiлiк және патриоттық сезiммен толысқан ой тiзбегi, бәсекеге қабiлеттiлiк – жан-жақты бiлiммен шыңдалған әмбебап маман болу. Прагматизм – атқарылған iс-шараның оң нәтижесiн көру, тиянақтылық, бiлiм салтанаты – дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастыра алған тұлға талпынысы, серпiлiсi. Эволюциялық даму – ұлттық код ерекшелiгiне айналған сананың ашықтығы, ел абыройын көтерген фактор. Бiр сөзбен айтқанда, Елбасы бiздiң жауапкершiлiктi сезiнетiн, тәртiпке бас иетiн, iзденiмпаздықтың көркем үлгiсiн көрсететiн азаматтар болғанымызды қалайды. Орынсыз сын айтудан аулақ, бiр-бiрiмiзге көмекшi, жанашыр болайық. Бiр-бiрiмiздi қолдайық. Жақсы iске қуанайық, жақсылық жасаудан жарысайық. Қуаныштарға себепкер болайық. Сонда барлық арман-тiлегiмiз орындалып, өз орнында болады деп ойлаймын.

Бiрлiгi жараспаған елдiң берекесi кетедi. Көршi отырған қоңсының көңiлiнде алаң туса, аузындағы сөз, ауласындағы ырыстың мәнi өзгередi. Қазақстан – қашан да достықтың мекенi. Түрлi этнос өкiлдерi бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығарып, тәуелсiз елдiң шаңырағын шаттыққа бөлеуде. Әлемнiң аңсайтыны да осы достық. Көршi елдердегi қақтығыс әркiмдi де алаңдатады. Сонау ата-бабамыздан бастау алған, бiзге шыңдалып жетiп, ел тәуелсiздiгiнде гүлiн шашқан ырысымыздың төгiлмесi үшiн қол ұстасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзуге ұмтылайық.

Елбасы күнi кеше өткен Ассамблеяның ХХV съезiнде жүйелi жаңғыру бүкiл iс-әрекетiмiздiң өзегiне айналғанын атап өттi. Экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, саяси жаңғыруды бастаған елiмiз рухани жаңғыру жолына түсiп отыр. Келешектегi қазақстандық әрбiр азаматтың келбетi: әлемдiк бәсекеге қабiлеттi жасампаз тұлға, алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик әрi реалист. Ұлттық бiрегейлiгiн нығайтып, ұлтының дамуын тежейтiн барлық нәрселерден бас тартатын, бiлiмнiң салтанат құруын ең маңызды iс санайтын, жаһандық бiлiмнiң шыңына шыққан жан. Эволюциялық даму ғана халқының өсiп-өркендеуiне мүмкiндiк беретiнiн жақсы түсiнетiн саналы азамат. Түрлi тiлдердi игерген, әлемнiң үздiк тәжiрибелерiн алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабiлеттi, сана-сезiмi ашық адам.

Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ОҚО мәслихатының депутаты.