БІЛІМ БЕРЕКЕСІ БІРЛІКТЕ

22.10.15

Аманатты ақтаған, салт-дәс­түрді сақтаған мәңгілік Қа­зақ елі жақсылықтың жаршы­сындай болған бойтұмар құжат­ты қуана қабылдады. «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – бірлік пен келісімнің кеңістігінде өмір сүріп, еңбек етіп отырған тәуел­сіз мемлекетіміз үшін алысты жақындатқан, мүддені биіктетіп, мақсатты асқақтатқан болашақтың шамшырағындай жарық әрі нұрлы жол. Ертеден-ақ ертегі арқылы ең­селі елдің ертеңін көркем елес­тетіп өскен ұлт қиялындағы Қа­зақ елі ақиқатқа айналды. Ел­ба­­сының биылғы Жолдауын ха­лық жа­сампаздық алауындай қабыл­дады. Қоғамның ілгерілеуі – білімге тәуелді. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Білім – адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі. «Білімді болуға – оқу, бай болуға – кәсіп, күшті болуға – бірлік керек» екенін өт­кен ғасыр басында Ахмет Бай­тұрсынұлы көрегенділікпен айтып кеткен. Жас ұрпаққа саналы білім беріп, саламатты өмір салтын үйрету қазіргі қоғамның бас­ты мәселесі. Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, іргесі берік болуына білім саласының сапасы тыңғы­лықты ықпал етеді. Осы бағытта Елбасының бастамасымен білім саласында қажырлы еңбектер жалғасуда. Еліміздің білім және ғылым саласын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған басым бағыттары талқыланып, білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінің негізгі бағыттары Үкіметтен қолдау тапты. «Бала – болашағымыз» дейтін дана халқымыз ұрпақ тәрбиесіне, өнегесіне ертеден үлкен мән берген. Осы ұстаныммен құрылған «Балапан» бағдарламасы бүгінгі таңда 3-6 жастағы балалардың 71,5 пайызын қамтыса, бұл көрсеткіш үш жылдан соң 80,5 пайызға жетпек. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны да бүгінгі күнмен салыстырғанда бірнеше пайызға артпақ.

Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша алдағы оқу жылында 1128 балабақшада 11 мың 637 балдырған болса, биылғы оқу жылында мекеме саны 5%-ға, ал тәр­биеленушілер саны 106%-ға өскен. Жаңадан іске қосылған 50 балабақша қамтылуға тиіс сәбилер санын 20% өсірген. Облыс бойынша 1-6 жастағы 133 мың баланы, оның ішінде 3-6 жастағы 214 мыңнан астам балаға арналған 1256 мектепке дейінгі ұйым халық игілігіне қызмет көрсетуде. Соңғы төрт жылда балаларды балабақшаға қамту 36,8 пайызға артқан. Халқы тығыз орналасқан, демографиялық өсу жағынан алдыңғы орындағы оңтүстік өңіріндегі бұл жағдай Жолдауда белгіленген «Таяудағы 3 жыл ішінде, 2017 жылға дейін орын жетіспеушілігін жойып, қажетті жерлерде елдегі барлық мектепті екі ауысыммен оқытуға көшіру керек» деген межелі міндеттің өзектілігін көрсетеді. Саннан сапа шығатынын ескерсек, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны өскен сайын, онда қызмет жасайтын маман­дар­дың біліктілігін арттырып, бағдар­ламалар жаңартылуы қажет. Сол себепті 2016 жылға дейін жоғары мектепке дейінгі білімі бар мамандар санын 9 пайызға, жоғары педагогикалық білімі бар кадрлар санын 6 пайызға өсіру жоспар­ланып отыр. Бұл Мем­лекет басшысы атап өткен мектеп­ке дейінгі мекемелерге заманауи бағдарламалар мен оқыту әдіс­темелерін, білікті мамандар ұсыну маңыздылығының айқын дәлелі. Орта білім беруде оқушы­лар­дың құзіреттілігін дамыту үшін білім беру мазмұнын жаңарту өзекті мәселе. Оқушылардың құзіреттілігін дамыту үшін оларға сабақ беретін педагогтардың құзыр­лылық қабілетін қалып­тас­тыру қажет. Яғни, Жолдауда айтылғандай, «Орта білім беру жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін толық меңгеруі тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеруі» қажет. Қазіргі таңда кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты – мамандықтарды игерту, біліктілік берумен шектелсе, ал әлемдік білім кеңістігіндегі бәсекеге қабі­летті тұлға дайындау үшін адам­ның құзырлылық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдар­ланған білім беру жүйесін ұсыну болып тұр. Білім және ғылым министрлігі орта білім мазмұнын жаңартуды кезең-кезеңімен енгізіп, 2015 жылы 1-сыныптан бастап барлық пәндер бойынша жаңартылған бағдарламаға сәйкес оқыту бел­гі­ленуде. Атап айтқанда, оған тіл­дер (қазақ, орыс, ағылшын), ақпа­ратты-коммуникативті техно­ло­гия 2016 жылы – 5 және 8-сыныптардан, сындарлы ойлау элементтері және 11-сыныптан кейін жоғары оқу орындары база­сында дайындық курстары жатады. Бұл өзгерістер сана әлеуеті жоғары дамыған, сын тұрғысынан және жаңаша ойлай білетін, рухы мықты, өз білімін қоғамның алға басуына жұмсай алатын зиялы азаматты дайындауға бағыт­талған. Бүгінгі мектептердің мақ­саты – жоғары білімді, шығар­машыл адамның үйлесімді дамуы үшін қолайлы білім беру кеңіс­тігін жасау. Мектеп түлегі сын тұрғысынан ойлай алуға, білімін шығармашылықпен пайда­лана білуге, зерттеушілік және ақ­параттық-коммуникативтік дағ­ды­ларын қалыптастыруға, топта және жеке жұмыс істеуге, қарым-қатынас пен қойылған міндеттер мен күрделі мәселелерді шеше білуге дағдыланады. Ерекше назар аударуды қажет ететін екі мәселе бар. Оның бірі – қазақ тілінде оқыту­ды дамыту болса, екіншісі – ауыл мен қала мектептеріндегі алшақ­тықты жою. Бұл – Елба­сы­ның «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында айтылған «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға ықпал ету­ші жетекші факторлардың бірі. Бүгінгі күні қала мен ауылдық жерлердегі жоғары санатты мұ­ғалімдердің алшақтығы әжептәуір, пайызға шақсақ ауыл мектебінде – 11,5, ал қала мектебінде – 24,4%-ды құрайды. Бұл, әрине, білім сапасына өз әсерін тигізеді. Ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдану – қала мен ауыл арасындағы сандық ақпараттық теңсіздікті жоюға жол ашады. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында былтырғы оқу жылында 1019 мектепте 534 мың 195 оқушы білім алса, биылғы оқу жылында бала саны 2%-ға өскен. Өткен оқу жылында оңтүстікте мектеп табалдырығын алғаш рет 58 мың 720 бүлдіршін аттаса, осы жылы олардың саны 11%-ға артқан. Ауыл – қаймағы бұзылмаған қазақы тірліктің ордасы, әрбір қазақтың ата-тегінің бесігі, бақытты балалық шақтың мәңгілік мекені. Ауыл – тарихи сананы қалыптастыратын ұлттық тәрбие отаны. Ел билеген хандар мен жерді жаудан қорғаған батырлар, ойшыл ғалымдар, қалам ұстаған қайраткер қаламгерлер де осы ауыл даласынан қанат қағып, қияға ұшқан. Қазақ үшін ауылдан өткен құтты да киелі мекен болмақ емес, болмайды да. Ауыл мектебінің жағдайын жа­сап, алшақтықты жоюды жоспар­лау мен қазақ тіліне деген жана­шырлық ұлтқа, елге деген сүйіс­пен­шіліктің, Елбасы идеясын қол­даудың, отаншылдықтың айғағы. Соңғы кезде білім беру үрді­сіне отбасын, мектепті, қоғам­ды тартып, қамқоршылық кеңес­терін құру, жан басына шақ­қан­дағы қаржыландыру және дер­бестік арқылы басқару әдісі ұсынылып жүр. Бұл – замана талабы. Бүгінде мектеп директоры «өзі қожа, өзі би». Бұған «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегенді және қосыңыз. Ауылдық жердегі мектеп директорын аудандық оқу бөлімі тағайындаса, ал оқу бөлімінің бастығын аудан әкімі тағайындайды. Мектепті сырттан келген кадр басқару тәжірибесі жалғасып келеді. Ол білім саласының маманы болмауы да мүмкін. Аудан әкімі ауысса, оқу бөлімінің бастығы, оған қоса мектеп директоры қоса өзгереді. Мектеп директоры болу үшін кемінде үш жыл директордың орынбасары болу керек деген кеңестік кезеңнің тәртібі керек-ақ. Бұл – өткенді көксеу емес. Ел болашағы – жас өскіндер білім алар өркениет ошағының ісі – мектепті басқарушыларға тікелей байланысты екенін айтқымыз келгендіктен туған ойдың жемісі. Әр мектептің директоры, сол мекемедегі ұстаздардың ғана емес, бүкіл оқушылардың, ауыл-аймақтың үлгі алар негізгі ұстыны, тұлғасы болуы тиіс. Ендеше, келешекте осы мәселеге назар аударып, немқұрайлылық танытпағанымыз жөн. Техникалық және кәсіптік білім беруде білім мен бизнестің әріптестігі ауадай қажет. Бұл ойды Елбасы Жолдауындағы «Таяудағы 2-3 жылда дуалдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет» деген Үкіметке берген тапсырмасы да қуаттайды. Осы міндетті жүзеге асыру үшін салаға қажет кадр­лар даярлауды Үкіметтің үдемелі индустриялық-иннова­циялық даму бағдарламасы ба­сым­дықтарымен байланыстыру өтімді болмақ. Бүгінгі күні еліміздегі жоғары оқу орындары жоспарлы жүйе қағидалары негізінде жұмыс жүргізетіні баршамызға мәлім. Ұлттық және мемлекеттік ЖОО барынша төмен бағамен оқытады. Мемлекеттік кәсіпорын және акционерлік қоғам түріндегі ЖОО-лардың шаруашылық қызметі 16 кодекспен және 48 заңмен қадағаланады. Бұл жағдай жоғары оқу орындарының өз бетінше дамуына мүмкіндік бермей отыр. Бұл тығырықтан шығудың жолын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында атап көрсетті: «Жетекші универ­си­тет­терді академиялық және басқа­рушылық академияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажет». Нарықтық бәсекелестік жағдайында ЖОО-ларды мемлекет иелігінен алу және оларға дербестік беру – профессор-оқытушылық құрам мен студенттер үшін бәсекелестікті арт­ты­рады. Ал оған жету үшін жаңа ұйымдық-құқықтық форма, ЖОО-лардың дербес даму бағ­дарламалары, нәтижеге бағыт­талған қаржыландыру, алқалық басқару, жемқорлықпен күрес жүргізу қажет. 2014 жылдан бастап жо­ғары оқу орындарының басқару кеңестері арқылы корпоративті басқаруды енгізу көзделуде. Білім және ғылым министрлігі экономиканың инновациялық да­муына және бәсекеге қабілетті кадрлар дайындауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін білім са­пасының жетістігін арттыруды мақ­сат ете отырып, «Білім туралы» заңды жетілдіру, ЖОО-ларға автономия беру, білім орындарына қабылдаудың жүйесін жетілдіру сынды бастамалары көңілге сенімділік орнатады. Сонымен бірге, ЖОО-да көп салалы қаржыландыру үлгісі, заманауи оқу-зертханалық базалары өндіріске енбек. Бұл 2016 жылға қарай, Бүкіләлемдік экономикалық форумның Ға­лам­дық бәсекелестікке қабілеттілік индексіндегі жоғары білім саласы бойынша көрсеткіштер жоғарылайды деп күтілуде. Мемлекеттегі білім беру саласы 2009 жылы Болон процесіне көшкеннен бері жоғары оқу орындары кредиттік технология жүйесімен бакалавриат-магистратура-докторантура бағытында мамандар даярлап келеді. Десек те, кредиттік жүйені толығымен іске асыра алмай келеміз. Оның өзіндік себептері де бар. Жоғары оқу орындарына келген талапкерлерге жаңа жүйені меңгеру қиынға түсуде. Сондықтан 2015 жылы 12 жылдық білім беруге көшу қажет. Жыл сайынғы Жолдауда Ел­басы назарынан тыс қалмайтын тақырып – жастар саясаты. Еге­мендігіміздің алғашқы жылдарынан іске асқан Президенттің «Болашақ» бағдарламасы бүгін жемісін беруде. Жолдауда көрсетілгендей, 2016 жылғы 1 қаңтардан шәкірт­ақының 25 пайызға, білім беру сала­сындағы қызметкерлер еңбек­ақысының 29 пайызға артуы, білім саласын жақсартудағы игі­лікті бастама. Қалыптасқан тарихи құндылықтар аясында тәуел­сіз­дігіміздің тұрақтылығын, бірлік пен бейбітшіліктің баянды­лығын, жоғары руханият пен эко­номикалық өсімнің дамуын, тарих, мәдениет, тілдің ортақ­тығын, ұлттық қауіпсіздік пен әлемдік деңгейдегі биік бедел­ді сақтауымыз шарт. Жалпы­қазақстандық ортақ шаңыра­ғымыздың ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел» – баршамыздың бой­тұмарымызға айналуы тиіс. Мемлекет басшы­сы сеніп, үміт артқан жастар­ды оқы­тып, тәрбиелеуде олқы­лық­тар­ға жол бермейміз, қателік­тер­ге кезікпейміз деген үміт­теміз. Мемлекет басшысы­ның «Қазақстан-2050» Страте­гия­сының жемісін көретін бүгінгі жас – бабалар аманатын арқалар, нар жүгін көтерер елдің ертеңгі иесі. Ұлтты ұлт ретінде бар қатерден алып қалатын ана тілінің тазалығын сақтап, «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыратын сол жастардың саяси сауатты, терең білімді, жан-жақты ізденімпаз алғыр болуы – тәуелсіздігіміздің негізгі кепілі. Сондықтан да білім беру ісіндегі жаңа реформаларға сын көзбен қарап, стратегиялық мақсат-міндеттерді орындауда қырағылық пен зеректік танытуды ойлау әрқайсымыздың парызымыз. «Мәңгілік Ел» идеясын түпқазық етіп алған Елбасы Жолдауы – алда атқарылар барша баянды істерде жолбасшы, жарық берер шамшырақ деп білемін. Дамыған 30 елдің қатарына енуді көздеп отырған тәуелсіз еліміздің қарыштап дамуына үлес қосам дейтін әрбір азамат Жолдау тапсырмаларын орындауда адалдық пен жанашырлық танытады деп сенемін және соған шақырамын. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек». Оңтүстік Қазақстан мем­лекеттік педагогикалық институтында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050 бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауын талқылап, іске асыру мақсатында түрлі деңгейдегі іс-шаралар жүзеге асуда. Жаратылыстану мамандықтары бойынша жаңа заманауи зертханалар ашылды. Студенттер мен оқытушылардың ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлығын дамыту мақсатында аталған бағдарлама аясында Балтық халықаралық академиясы (Латвия), Гумбольдт университеті мен Дрезден университеті (Германия), Кембридж уни­вер­ситеті (Ұлыбритания), Нова уни­верситетімен (Португалия) келісімшарттар негізінде бір­лескен жұмыс жүргізілуде. Институт ғалымдарының еңбектерін шетелдік аренаға шығару жолдарын зерделеу үшін методологиялық көмек алу мақсатында Кембридж уни­вер­ситетінің профессоры Сид­харт Саксенамен бірлесіп «Тех­нологиялық сараптау орталығы» құрылды. Ғылыми-зерттеу жұмыстары негізгі үш бағытқа топтастырылып, институттың ішкі қаражаты есебінен үш ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істеуде: «Мәңгілік Қазақ елі ғылыми-зерттеу орталығы», «Саламатты өмір ғылыми-зерттеу орталығы», «Көптілді білім ғылыми-зерттеу орталығы». Көптілді білім беруді жүйелі жүргізу мақсатында барлық маман­дықтардан ағылшын тілінде оқитын топтар ашылды. Сон­дай-ақ, оқытушылар мен сту­денттерге арналған ағыл­шын тілін меңгертетін арнайы 3 орталық жүйелі жұмыс жүргі­зуде. Португалиядағы Нова уни­вер­ситеті базасында оқытушылар мен студенттер үшін ағылшын тілін үйрету мектебі өз жұмысын бастады. Студенттерге болашақ маманға қажетті құзыреттілікті бере алатын дәрістерді енгізу арқылы модульді білім беру бағдарламалары жасалды. Оқу жоспары толығымен модульді білім беру жүйесіне көшірілді. Ең бастысы, институт келешекте автономиялы білім беру мекемесіне айналуды көздеп отыр. Осы мақсатта бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігімен қамқоршылар кеңесін құру жөніндегі келіссөздер жүргізілуде. Ол үшін Назарбаев университеті моделі негізінде институттың дербестігін кеңейтіп, ішкі құры­лы­мына өзгерістер енгізілді. Даяр­ланатын мамандықтар негізгі үш ғылыми мектепке топтастырылды: Бірінші, жаратылыстану және математика ғылыми мектебі, екінші, гуманитарлық және әлеуметтанудың ғылыми мектебі, үшінші шығармашылық өнер және жаңа технологиялардың ғылыми мектебі. Ғылыми мектептер басшы­лығына оқу жоспарын құруда, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйым­дастыруда, кадрлық әлеу­етті арттыруда, оқу үдерісін ұйым­дас­тыруда ішінара дербестік берілді. Мемлекет басшысы сенген жастардың бастамасымен облыс мектеп оқушылары мен болашақ ұстаздардан құрылған «Елбасы серіктестері» атты ынталы топ жасақталып, жарғы негізінде өз жұмысын бастап кетті. Республика жастармен бірлесе отырып, стратегиялық жоспарды орындауға азаматтық үлестерін қосуда.

Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.