ОҚО зиялы қауым өкілдері латын әліпбиіне көшу мәселесін талқылады

02.10.17

Латын әліпбиіне көшу – ұлттық сананы жаңғыртудың жолы. Шымкентте жоғары оқу орындарының филолог ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері бас қосып, латын әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелерін талқылады. Олардың пікірінше, жаңару мен жаңғыруға бет алған еліміздің ендігі болашағы саяси-экономикалық факторлармен қатар, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің тағдырына да тікелей байланысты. Сондықтан да мұндай өзгерісті жіті сараптап, оған жан-жақты дайындықпен кірісу қажет екені айтылды. Басқосуда жаңа әліпбиге көшу кезінде ескерілетін басты мәселелер жайы да сөз болды. Мақсат – қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дәл бейнелейтін, әліпби қалыптастыру екенін айтады ғалымдар.

Оңалбай Аяшев, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры:

– Латын әліпбиі оқуды жеңілдетеді. Балаларымыз жалпы әлемдік кеңістікке тез кірігеді. Өйткені ғаламторда жер шарының 80 пайызы латын әрпін қолданады.