ҚҰТТЫҚТАУ

28.11.17

ҚҰТТЫҚТАУ

Мемлекеттік мәртебесі бар жоғары оқу орындары оңтүстікте көп емес. Құрылғанына 80 жыл толып отырған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты қайта ашылғаннан бергі 2011-2017 жылдарда жастарға білім мен тәрбие берудегі дәстүрлер сабақтастығын бүгінгі күн талабымен ұштастыра жүргізіп, бәсекеге қабілетті маман даярлаудың көшбасшысы бола білді.

Шет елдерде академиялық ұтқырлықпен студенттерді оқытып, оқытушылардың білімдерін жоғарылатып, үш тілде білім беруді іске асырып, бірнеше жаңа мамандықтар мен магистратура ашып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын алтын арқауды ширата түсіп кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдыруға сүбелі үлес қосуда. Институтта студент ең мәртебелі тұлға деген қағида бар. Сондықтан студенттердің сапалы білім алуына қажетті барлық жағдай жасалған.

Әр ұжымда өткенімен мақтан етер, өздері де өзгелерге де үлгі етер жандар болады. Оңтүстіктегі мемлекеттік педагогикалық институтта менің жас маман болып келгенімнен осы уақытқа дейінгі аралықта әр кезеңдерде ректор болған осындай тұлғалар деп Байұзақ Ермекбаевты (1952-1971), Мырзахан Сәрсенбаевты (1971-1984), Оңалбай Аяшевты (2011 жылдан бері) атар едім. Осы аталған ректорлардың, сондай-ақ аты әлемге машһүр болған Қалдыбай Бектаев, Әбіш Байтанаев, Сопбек Тілеуқабылов, Абдулла Әрипов, Құбығұл Жарықбаев, Александр Иванович Мостовой сияқты ғалым-ұстаздардың әрқайсысының еңбек жолы, ғылыми зерттеулері, шыққан биіктері, өмір жолындағы тартысты кезеңдері мен толғаныстары туралы үлкен-үлкен еңбектер жазуды, немесе олардың әрқайсысының жеке мұрағаттарын ашып көріп, өздерінің ізденістеріне өзекті тақырып етуді студент-жастарға тапсырар едім.

Республикамызда, оның ішінде Оңтүстікте зиялы қауым-ұстаздарды тәрбиелеуде ерекше орыны бар институымыздың 80 – жылдық мерей тойы қарсаңында ақын Ғафу Қайырбековтың:

Ұстаз болу жүректің батырлығы,

Ұстаз болу-сезімнің ақылдығы.

Ұстаз болу-мінездің күн шуағы,

Ұстаз болу-адамның асылдығы-

деген өлең жолдарын есіме түсіре отырып, мен өз өмірімді осы мамандықпен қызмет етуге арнағанымды, мамандығыммен мақтанатынымды және өзімді осы мамандық жолында биіктерге көтерілген шәкірттеріммен бірге бақытты сезінетінімді айтқым келді.

Ұстаз - мұғалім болу деген не? Ұстаз болу ең қиын да жауапкершілігі көп жұмыс. Бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет. Сондай-ақ, ұстаз күнбе-күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жәйттердің туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болу касиетіне ие адам. Сондықтан ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші, оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады.

Өзінің өмірлік мұрат-мақсатынан айнымау, нағыз ұстаз болу, табиғат берген дарын мен үлкен жүректі азаматтардың еншісінде. Жүрегінен жылу, ақылынан нұр, жүзінен шуақ төгілген адам ғана ұрпаққа білім мен тәлім-тәрбие бере алады. Демек жақсы мұғалім - ол кез келген бала қабілетінің “кілтін” таба білетін тұлға. Бала - шырақ секілді. Мұғалім сол шырақты жағушы.

Қасиетті Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы! Cіздерді ақылдың кені дария болған, парасат пайымның кемеліне келген данагөй жас- 80-ге толған мерейлі тойларыңызбен ақ тілек, шын жүректен қызу құтықтап, бұдан әрі де мәңгілік Қазақ елінің өркендеуіне салалы үлес қоса берулеріңізге тілектеспін.

Байдыбекова Ерке Ізбасарқызы, п.ғ.к., профессор,

ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері.

Осы институттың 1968 жылғы түлегі, бір орында 50 жыл

 жұмыс істеп өз өмірін ұстаз болуға арнаған  шәкірттеріңіз.