"100 жаңа оқулық"

2018 жылдың 26 қыркүйек күні Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті қабырғасында Түркістан облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен ОҚМПУ «Рухани жаңғыру» орталығының бірлескен іс- шарасы өтті.

Іс-шарада Қазақстан қоғамының ұлттық идеологиясы үшін, соның ішінде жастар тәрбиесінде ерекше маңызға ие Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласының мазмұны мен маңызы түсіндіріліп, осы бағытта бір жылдан аса уақыт жұмыс жасап келе жатқан өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің атқарған жұмыстарымен жастарды таныстыру мақсатындағы «Ашық есік» онкүндігі ОҚМПУ-дан бастау алғаны жария етілді.

«Ашық есік» күніне университет студенттерімен бірге қаладағы ЖОО өкілдері мен студенттері де қатысты. Іс-шара барысында ЖОО жаңа келген студенттер, әсіресе шетелдік азаматтығы бар жастар бағдарламалық мақаланың мазмұны туралы кең, ауқымды мағлұматтар алды. «Ашық есік» күндерінің басталуында студенттер мен қонақтар ЖОО-да жаңадан ашылған «Рухани жаңғыру» алаңы және «100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде қазақ тіліне аударылған «жаңа оқулықтар» залымен танысып, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің тарапынан атқарылған жұмыстар және өңірдегі Цифрлы Қазақстан бағдарламасына орай жүзеге асыру іс-шаралардың барысымен де танысты.

Іс-шараға қатысқан Түркістан облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Б.Әшірбеков, «Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар Достығы» университетінің тәрбие істер жөніндегі проректоры  Б.Садықов, «Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар Достығы» университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент  Ш.Нартбаев, ОҚМПУ «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы, т.ғ.к. Қ.Анарбаевтар тарапынан студенттерге мақала мазмұнын түсіндіру, «рухани жаңғыру» бағытында өңірде және ЖОО-да атқарылып жатқан жұмыстар туралы толыққанды мағлұматтар берілді. Іс-шара қорытындысында ОҚМПУ-да атқарылып жатқан жұмыстар тәжірибесін басқа ЖОО бөлісу және еліміздің ертеңі саналатын барлық ЖОО студенттерінің бірлескен іс-шараларға атсалысуы мен ғылыми жобаларға қатысуы керектігінің маңызына байланысты тоқтамдарға келді.