"Рухани жаңғыру" студенттер көзімен

2018 жылы желтоқсан айында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Рухани жаңғыру» орталығы мен  Филология факультеті  «Рухани жаңғыру студенттер көзімен» атты тақырыпта  ЖОО студенттері арасында эссе және өлең шумақтарын жазудан шығармашылық байқау жариялаған болатын.

 Байқау мақсаты:

  • Студенттердің «Рухани жаңғыру» бойынша түсініктері мен ой-өрісін дамыту.
  • Шығармашылық қабілеттерін жетілдіру, талантты  жастарды табу.
  • Рухани тәрбие беру.

Ұйымдастыру алқасы түскен шығармашылық жұмыстарды саралай келе студенттердің үздік деп танылған шығармаларын көпшіліктің назарына ұсынады.

Поэзия жанры бойынша:

ОМАР БАҚЫТ

5В011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2-курс студенті

Қоңыр үнді домбырам шертіліп тұр!

Тарихым бөлеп кеткен даналыққа,

Жастарың жарысады жаңалықта.

Үздіксіз дами беріп, байтақ елім,

Үлгердік елу елге саналып та.

Жақсылыққа асырар ескілікті әр,

Қанымызда біздердің тектілік бар.

Құлақ емес жүрекпен тыңдалатын,

Қоңыр үнді домбырам шертіліп тұр.

Кері бұрып қарасақ таспамызды,

Қоштамапты Тәңірден басқа бізді.

Өшірмейік қасиетті қара жерден,

Бабалар бақыт үшін басқан ізді.

Барынша салып жігер, шамамызды,

Жаңғыртсақ ең бірінші санамызды.

Соңғы күш, соңғы демім шыққанынша,

Ұлы Отан, түсірмеспіз бағаңызды.

Айырбастап алынған жасымызға,

Бақ та бар, байлық та бар басымызда.

Өткенге қарап тұрып, кем дегенде,

Шүкіршілік етейік асымызға.

Асыл бағым – Астана

Сұлудың сырға толы жанарындай

Тым жұмбақ боламекен қала мұндай.

Жиырмаға енді ғана жеткенменен,

Сұсы бар хан атамның қабағындай.

 

Астана, асыл бағым арайсың-ау,

Қылықты қырық түрлі қалайсың-ау.

Көктем боп тұрған кезде күнтізбеміз

Аязға аңтарылып  қарайсың-ау,

 

Ауылда айтатындай Тілес көкем

Астана, тағы сенде мінез бөтен

Есілден есі шығып есіп өтіп,

Жан бар ма бақытыңа күреспеген?

 

Шығу қиын болсада Қаңтарынан

Құны биік бұл күнде Хан тағынан.

Қара жерді аспанға жалғап жатыр

Зәулім үйлер соғылып  жан жағынан

 

Мезгілінде келмейтін жылулығы

Бұл шаһардың осындай сұлулығы

Сәлем берсе шілдеде көктем келіп

Ал аязы –  қыстағы сұлу мұңы.

 

Сұлулықтың  шыға алған шыңына кім

Жүрегімнің өзіңе сыры мәлім

«Екеуміздің жанымыз бір екен» деп,

Салқындықты сендегі ұғынамын

 

Мерекеңде көңілім күпті болсын,

Ақ жеңгелер егізден жүкті болсын,

Абыройың асқақтап мықты болсын

Миллионға торт жасап барам әлі

Тағыда жиырма жылдай күтші досым.

Ал әзірге осындай тілек айтам

20 жасың Астана құтты болсын

Эссе жанры бойынша:

ПАЗЫЛ САНАТ

5В011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2-курс студенті

«Рухани жаңғыру бүгінгі студент көзімен...»

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқт басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев

Рухани жаңғыру тек бүгін басталып, еншісін алып толастап жатқан дүние немесе атқарылар жұмыс емес. Кең көлемді, тігісі тегістелген, ауқымды жұмыс. Рухани жан дүниенің жаңаруын, тарихи қатпарларында қалған ескі парақтардың қайта ашылуын, адам сана сезімінің жаңа бастамаларды, тың дүниелерді қабылдай білуін айтсақ болады. Өркениетіміздің өрге жүзуі, ұлтымыздың өрбуіне, рухани жаңғыруына тірідей дәлел. Елбасымыздың нұсқаған ұстанымдарына тоқталсақ. Біріншіден, бәсекелестікке қабілет. Жаһандық ғаламдану жүйесіне өтіп, ХХІ ғасырдың талаптарына дағдылану қамына кірісу – сапалы білімнің, табыстың кілті екенін атап көрсетті. Екіншіден, ұлттық бірегейлік сақтау. Елбасымыз бұл қағидасында ұлттық код, яғни халқымызға тән салтымыз, өресіміз, асыл мәдениетіміз бойымызда жалындап, үні шырқалып тұруын баса айтты. Сонда ғана, өткенімізді ұлықтап, алға басулар болатынын меңзеді. Үшіншіден, қазыналарымызды қорғау, оларды тек бір мақсатта қолдану арқылы түрлі саяси радикалды идеологиялық іс-әрекеттерге тосқауыл болудың бағдарын ұсынды. Төртіншіден, сапалы білімнің салтанат құруы. Қазіргі таңда елімізде білім бағдарламасының үлесі ұтымды қолданылып, жастардың жасыл бәйтерегі жайқалуда. Шегелеп тоқталуға мүмкіндік берілген тұста толығымен қозғасам. Сапалы білімнің санада салтанат құруы деген айтулы жеңістік. Салтанат бар жерде салиқалы өмір бар. Білімді жастардың қолында болашақтың кілті деп жатады. Айтпаса да түсінікті жастардың тоқтаусыз білім алуы қажет екендігі. Жастар жылы деп айдар таққан елбасымыз Н.Ә. Назарбаев жас буынның өзін тануына, сынауына жағдай жасап уәждемелік көрсетіп отыр. Бөлінген қыруар қаржының болашақта баға жетпес жетістікке ұласарын бағамдап отырған елбасымызға риза болмаған жастар жоқ та шығар. Бесіншіден, еліміздің эволюциялық дамуы. Көрген қасіретімізді қаперімізде сақтап, сабақ ала білуі және экономикалық күйреуге алып келетін әлемдік революциялық толқыныстарды мысал етті. «Білімді мыңды жығар, білекті бірді жығардың» күйін көрсеткендей. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы. ХХ ғасыр қасіреттерін қаперімізге сақтап, одан сабақ алу және де дүрбелең туғызу экономикалық күйреуге алып келетінін қазіргі кезде болып жатқан әлемдік толқыныстарды мысалға келтірді. Революциялық өзгеріс емес, эволюциялық жаңару алып келуіміз керек екеніне ой қорытты.

Біздерге, жастарға көрсетілген бұл бағдар шам ішкі жан дүниемізді, руханиятымыз бен сыртқы өзгерістерді дұрыс қабылдауға, жаңғырудың даңғыл жолына түсуімізге бағытталған патшамыз көрсеткен дара жол. Ендеше, таным көкжиегімізді кеңейтіп, келешек ұрпақ үшінде көшбасшымыз көрсеткен жолмен жүріп, биік-биік шыңдарды бағындыра берейік