ОБЛЫС ӘКІМІ СТУДЕНТТЕРГЕ ДӘРІС ОҚЫДЫ

19.02.19

ОБЛЫС ӘКІМІ СТУДЕНТТЕРГЕ ДӘРІС ОҚЫДЫ

Рухани жаңғыру – жастарға жаңа бағдар. Бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік Педагогикалық университетінің 400-ге жуық студентіне бір жарым сағаттай дәріс оқыды. Шара барысында Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған мақсат-міндеттердің орындалу деңгейі сарапқа салынды. Білім қуған жастар лекциясынан кейін... өңір басшысына... оқу орнының Құрметті профессоры деген атақ берілді.

«Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба – ел дамуының тарихи кезеңіне сай маңызды шешім». Осылай деген өңір басшысы жиында студенттермен емен-жарқын әңгімелесті. Аймақ үшін айтулы оқиға – шымшаһардың республикалық маңызы бар қала санатына қосылғанын қуанышпен айтты. Сондай-ақ, әкім халқы тығыз орналасқан екі ауданның төртке бөлінуін де сүйіншілете жеткізді.

Санамыз ісімізден озып жүруі тиіс. Бұл - Елбасының елге қойған нақты  міндеті. Президент қазақстандық жастардың тәрбиесіне баса назар аударып келеді. Әуелі, адами капиталдың сапасын жақсарту – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл ретте Қазақстан оқуға ынталы балаға қашан да оң қабақ танытып келеді. Нәтижесінде өнер-білімге құмартқанның тасы өрге домалауда.

«Цифрлық Қазақстан». Латын әліпбиіне көшу. Өңір басшысы тоқталған өзекті мәселелер бұдан әрі осы тақырып аясында өрбіді. Қазақ дипломатиясының жетістігі мен Түркология ғылымының жарқын болашағы да әңгімеге арқау болды. Ұлттық бағдарламаның маңызына тоқталған облыс әкімі көпшілікке Латын қарпінің жазылуы мен қазақ тілінің үндестік заңын түсіндірді.

90 минут бойы дамылсыз дәріс оқыған әкім шәкірттерге айрықша шабыт сыйлады. Студенттер лекциядан алған әсерлерімен жарыса бөлісіп жатты.

Қазақстан жарқын болашақтың кірпішін қалап жатыр. Жиында Жансейіт Қансейітұлы білім қуған жастар үшін мемлекет қолдауының нәтижелерін жіпке тізіп, айтып берді. Әрбір азамат өз тілін біліп, ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейтуде екі нәрсенің басы ашық. Оның бірі – ұлттық код. Екіншісі – өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. Игі шара соңында Жансейіт Түймебаев студент жастарды тынбай еңбек етуге үндеді.

Г. ҚАЛМЫРЗАҚЫЗЫ