«SANALY URPAQ» ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІ АШЫЛДЫ

19.02.19

Соңғы үш жылда еліміздің білім беру саласында 700-ге жуық жемқорлық дерегі тіркелген. Осыны ескергендер «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесін ашуды қолға алған болатын. Былтыр Алматыдан бастау алған пилоттық жоба жемісін беріп, еліміздің әр аймағына тарады. Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті базасынан «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесі ашылды. Енді барлық білім беру мекемесінің ұжымына жемқорлықтан таза қоғам идеясын ұқтырып, біріктіру қажет. Сондықтан, бұл жобаның берері мол.

Жобаның басты мақсаты - жастарды жақсылыққа тәрбиелеп, халыққа адал қызмет ету. Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне «SANALY URPAQ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Тоқышев келді.

Қайыржан Тоқышев - «SANALY URPAQ» жобалық кеңсесінің жетекшісі

Жоба арқылы білім беру сапасын күшейтіп, академиялық оқу үдерісінің әділдігін арттырсақ дейміз. Сондай-ақ, осы сала өкілдерінің кіршіксіз қызмет атқаруына тікелей әсер ету - аса маңызды. Әрі білім саласына жемқорлықпен күресетін жаңа технологиялар енгізіледі.

Кеңсе ғылым-білім беру жүйесі класстеріне сай жұмыс істейді. Қоғамның жегі құртына айналған жемқорлықпен күресте білім саласының өкілдері үлес қосады. Оған мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, орта мектеп, колледждер мен университеттердің басшылары да мүше болады.

Айсұлу Мұсабаева – Жастар саясаты бөлімінің меңгерушісі

Кеңсе ашылмай тұрып, біз университет базасынан арнайы клуб құрдық. Сөйтіп, таза сессия бағытында жұмыс істедік. Жастардың бұған көзқарасы да жақсы...

 «Өзгерісті өзіңнен баста». Осы қағидадан басталған жоба шара  барысында кеңінен талқыланды. Спикерлердің сөзінше, алдағы уақытта жоба шеңберінде жемқорлықпен күреске бағытталған жаңа мамандандырылған колледждер мен мектептер құрылады. Мамандардың сөзінше, аталған кеңсе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте осы заманның озық технологияларымен жабдықталған. Оған қоса, бұл алаңда жаңа тәсілдер қолданылмақ.

Г. ҚАЛМЫРЗАҚЫЗЫ