«Біз латын әліпбиіне көшпейміз, оған қайта оралатын боламыз!»

21.02.19

Облыс әкімі Ж.Түймебаев Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студент жастарымен кездесті. Басқосуда өңір басшысы «Рухани жаңғыру: жастар және тарихи тағлым» тақырыбында лекция оқыды.

Әкім өз лекциясында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жастарға түсіндіріп, қоғамдық сананы жан-жақты және түбегейлі жаңғыртуға бағытталған ұлттық жобаның ұсынылуы ел дамуының тарихи кезеңіне сай маңызды шешім болғандығын атап өтті.

Студенттермен емен-жарқын әңгіме барысында облыс басшысы қазіргі кездегі айтулы оқиғалар – Шымкент қаласының миллионыншы тұрғыны анықталып, республикалық маңызы бар қала санатына қосылғанын, түркі дүниесінің рухани астанасы болуға лайық Түркістанның жарқын келешегі, сонымен қатар, халқы тығыз орналасқан екі ауданның төртке бөлінгені жайлы әңгіме қозғады.

Бұдан бөлек, Қазақ дипломатиясының жетістігі мен Түркология ғылымының жарқын болашағы да әңгімеге арқау болды. Басқосу барысында Цифрлы Қазақстан, латын әліпбиіне көшу сынды өзекті тақырыптар да көтерілді.

– Хәкім Абайдың 25-қара сөзінде айтқан «Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, өнерін үйрену керек» деген сөзіне 100 жылдан астам уақыт өтсе де маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Айта кететіні, біз латын әліпбиіне көшпейміз, біз оған қайта оралатын боламыз. Өйткені, 1929-1940 жылдары осы әліпбиді қолдандық. Аталған әліпби бізді жаңа биіктерге жетелейді, көкжиегімізді кеңейтеді, – деген Жансейіт Түймебаев жиналғандар алдында латын әліпбиінде жазып көрсетіп, латын қарпінің жазылуы мен қазақ тілінің үндестік заңын түсіндірді.

Кездесу аясында студент жастар облыс әкіміне өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, жауап алды.

Игі шара соңында Жансейіт Қансейітұлына Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Оңалбай Аяшев жоғары оқу орнының профессоры атағын табыстап, аталған шаңырақтың «Ақбаян» сән орталығы арнайы дайындаған мантиясын кигізді.