Жастар-айтыстың аламанында

13.12.19

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Тәуелсіздік күні мерекесіне орай  жас айтыскер ақындар арасында "Тәуелсіз елдің жастары" деген тақырыпта  республикалық айтыс өткізді. Өнер додасына  12 жас қатысып, өңір жұртшылығына жырдан шашу шашты. Орамды ой, кестелі сөздермен өрілген  ақындар айтысы үш сағатқа созылды. Ақындар ұтымды әзіл,  салмақты ой орамымен көрермен ықыласына бөленді. Басты тақырып-Тәуелсіздік, Азаттық, егемен елдің бүгіні мен болашағы.  Ақындар береке басы болған елдегі бірлікті, ағайын іші тату тірлікті жырға қосты.  Нұр-Сұлтан, Алматы және Түркістан облысынан келген  айтыскерлердің маржан сөзбен мәнді етіп жеткізген көркем ойына жұртшылық дуылдата қол соқты.  Айтыстың көрігін қыздырып, көптің көңілдегісін өлеңмен өрнектеген ОҚМПУ-нің студенті Нұрғали Әнәпия бас жүлдені еншіледі. Айтысқа қатысушылардың барлығы бағалы сыйлықтармен марапатталды.