Анар Жаппарқұловаға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды

20.12.19

Кеше Орал қаласында өткен VIII «Алтын домбыра» айтысының соңы айтыскер ақындар үшін тағы бір қуанышты жаңалықпен жалғасын тапты. «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағының» ұсынуымен бес бірдей айтыскер ақынға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Атап айтсақ, Арқадан Айтбай Жұмағұлов, Батыстан Талант Арғынғали, Шығыстан Құралай Камалиева, Сыр өңірінен Айдос Рахметов және Түркістан облысынан Анар Жаппарқұлова аталмыш марапатқа ие болды.

Ақындарды Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов және «Nur Otan» партиясының хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов жеке құттықтап, марапаттарын табыстады.

Ескерте кетейік “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісімен мәдениет саласының дамуына ерекше үлес қосқан, елдің мәдениетін дамытудағы ұзақ жылғы еңбегі мен жеке үлесі, мәдениет саласын жетілдіруге белсене қатысқаны, мәдениет жүйесінде инновациялық қызметі үшін мәдениет саласында 15 жыл және одан да көп еңбек өтілі бар мәдениет саласының қызметкерлері марапатталады.

Ардагер ақындарды «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағы» РҚБ,  «Aitysker» ақпараттық порталының ұжымының атынан шын жүректен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, шығармашылықтарына табыс тілейміз.