Бояулар поэззиясы

22.12.19

Шымкент қаласының көркемсурет галереясында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің мұғалімі, суретші Алмас Халықтың жеке көрмесі өтті. Оған оқу ордасының ұстаздары мен студенттері, танымал суретшілер көп жиналды. Көрмені Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов та тамашалады. Қылқалам шебері ҚР Тұнғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан құттықтау хат алды.

Суретші шығармалары түрлі жанрларда сызылған. Ұшы қиыры жоқ байтақ дала, тау көріністері, ауыл өмірі  майлы бояумен кенеп бетінде айшықты бейнеленген. Алмас Халықтың тағы бір ерекше қабілеті әрбір көркемсуретіне өз өлеңдерін сәтті байланыстырып келеді. Автордың ойынша мұндай тәсіл әрбір шығарманың түпкі ойын тереңдетіп, мән-мағынасын аша түседі. Көрмеге Алмас Халықтың 70-ке тарта шығармасы қойылды.

Қылқалам шебері  адамның жан дүниесін сурет арқылы танытуды шәкірттеріне ұдайы үйретіп келеді. Университет ректоры Анар Қайырбекова құттықтау сөзінде Алмас Халықтың өнер әлемінде қайталанбас өзіндік қолтаңба бар екенін айырықша айтты.