Оқытушы-профессорлар құрамының айлық жалақысы өсті

31.01.20

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің басқарма төрайымы – ректор Каирбекова Анар Мерекеқызының шешімімен оқытушы-профессорлар құрамының айлық жалақысы бюджеттен тыс қаржы есебінен 30 пайызға өсті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың білім беру сапасын арттыру және педагогтарды қолдау туралы тапсырмасына сәйкес орындалған бұл шешімді ұстаздар қауымы үлкен қуанышпен қарсы алды. Университет ректоры оқытушылар айлығының өсуі ғалымның қоғам алдындағы беделін арттырады деп есептейді.
Болашақ педагогтар даярланатын тарихы терең оқу ордасының оқытушы-профессорлары университет басшысына өз ризашылықтарын білдіріп, білім-ғылымды дамытуда аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетов мемлекеттік ЖОО ректорларына ЖОО оқытушыларының еңбекақыларын 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін арттыру міндетін жүктеген болатын. Сондай-ақ, министр жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы мекеменің қаражаты есебінен өсетінін де атап өткен.