ҰЛТ ТАРИХЫНЫҢ ТАРЛАНЫ

24.02.20

Шымкент қаласындағы «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы, «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» еңбегінің авторы Ермұқан Бекмахановтың туғанына 105 жыл толуына орай «Қазақ халқының көрнекті тарихшысы» тақырыбында ғылыми конференция өтті. Келелі басқосуда тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бахадыр Айтай тарихшының тағдырына тоқтала келе, «Нағыз ғалым өзі үшін емес, ғылым үшін күреседі» тақырыбында  баяндама оқыды.

Сондай-ақ тарихшы, үздік педагог, «Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы"  Манапбай Телемісов өз баяндамасында  Е.Бекмахановтың тұлғалық қасиеті, халық ағарту саласына қосқан үлесі мәселелерін сөз етті. Мұнан кейін «Отырар» кітапханасының бөлім басшысы, тарих ғылымының магистрі Ақнұр Оралова ХХ ғасырдың 50-ші жылдарындағы тарих ғылымының дамуы мен Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында» атты монографиясына қазақстандық және кеңестік ғалымдардың көзқарасын талдады. Ал  «Е.Бекмахановтың ғылыми мұрасы» тақырыбында баяндама жасаған С.Ерубаев атындағы мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Әсел Бейсенбекқызы жастарды ғылымға, зерттеушілік жұмыстарға тарту ісін жетілдіруге жете мән беруге шақырды. Конференция жұмысына Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушылары да белсене атсалысты. Жиылған көпшілік  «Тарих» факультетінің студенттері А.Қадырханова мен Г.Мақсұт ғалымның ұлт тарихы мен руханиятын дамыту жолындағы рөлі аясында баяндамаларын асқан қызығушылықпен тыңдады. Конференцияға зиялы қауым, тарихшы ғалымдар, мәдениет қызметкерлері, БАҚ өкілдері және тарихқа қызығушы жастар қатысты.