РАХЫМБЕК ДОСЫМХАН

РАХЫМБЕК ДОСЫМХАН

педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Рахымбек Досымхан 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Зағамбар елді мекенінде туылған.

2002 жылы Қазақстан Республикасы  Жоғары Аттестациялық Комитет профессор ғылыми атағын берді.

1970 жылы Шымкент педагогика институтының физика-математика факультетін математика мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген.

1970-1973 жылдары Шымкент қаласы  Жамбыл атындағы № 26 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі,  1973-1978, 1981-1993 жылдар аралығында Шымкент педагогика институтында оқытушы, аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарды. 1978-1981 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогика институтының аспирантурасында оқыған. 1984 жылы Киев қаласындағы Украина педагогика ғылыми-зерттеу  институты жанындағы Арнайы Ғылыми кеңесте математиканы оқыту әдістемесінен кандидаттық диссертациясын қорғады.

1998 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде 13.00.02 - математиканы оқыту теориясы мен әдістемесі мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін “Оқушылардың логика-методологиялық білімдерін жетілдіруге болашақ математика мұғалімдерін дайындаудың ғылыми әдістемелік негіздері” деген тақырыпта диссертация қорғаған.

1993-1995 жылдары Шымкент дене тәрбиесі институтында кафедра меңгерушісі,  ал 1995-1997 жылдары докторантурадан тыс докторлық диссертация дайындау үшін аға ғылыми қызметкерлікте болды.

1998 жылдан бүгінгі күнге дейін М. О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университеті «Математиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі» кафедрасының   доценті, кафедра меңгерушісі, профессоры қызметтерін атқарды.

«Жоғары орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының   2007 жылғы иегері. 

Ең басты ғылыми еңбектері: оқушылардың логика-методологиялық білімдерін жетілдіру. – Алматы: РБК, 1998 жыл; Математиканы оқытудың әдістемесі: Атифметика, алгебра және анализ бастамалары. Шымкент: М. Әуезов атындағы ОҚМУ, 2007 жылы (Қаламдастар  Бейсеков Ж., Шарипов Т.А.); Мектеп математика курсында дәлелдеуге үйрету: Мұғалімдерге арналған кітап. – Шымкент: М. Әуезов атындағы ОҚМУ, 2009 жыл; Математикалық өрнектерді теңбе-тең түрлендіру: Оқу құралы.  – Шымкент: М. Әуезов атындағы ОҚМУ, 2008 жыл; Жоғары математика (Анықтауыштар теориясы). Оқу құралы. – Шымкент: М. Әуезов атындағы ОҚМУ, 2008 жылы (Қаламдастар Әшірбаев Н., Қаратаев Ж.).

Д. Рахымбектің ғылыми зерттеу жұмысы мектеп математика курсын оқытудағы және математика мұғалімін кәсіптік дайындаудағы оқушылардың логикалық-әдіснамалық білімдерін арттыру мәселелеріне бағытталған. Оның 170 ғылыми-әдістемелік еңбегі  жарық көрген. Соның ішінде 25 оқу-әдістемелік құралдың, 2 монографияның  авторы.  Оның ғылыми жетекшілігімен 2 ғылым докторы, 15 ғылым кандидаты дайындалған.