БӘШЕН ҰЛЫҚПАН

БӘШЕН ҰЛЫҚПАН

“Құрмет” орденінің иегері,

Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, полковник

Бәшен Ұлықпан Мүсінұлы 1949 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Жуан-Төбе кеңшарында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, Шымкент педагогикалық институтында жоғары білім алды. Жоғары оқу орнын 1971 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Келес ауданы, келес арнайы    мектеп-интернатында мұғалім болып бастады. 1972-1973 жылдары Ресейде азаматтық борышын өтеп келген соң, Бөген ауданы, ХХІІ партсъезд ауылындағы К.Маркс атындағы мектепте ұстаздық жолын жалғастырды. Өзінің біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Ұлықпан Мүсінұлы 1974-1977 жылдары Қазақстан ЛКЖО Шымкент облыстық комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болып қызмет атқарды.

Ұ.М.Бәшен 1977 жылы Қазақстан ЛКЖО Келес аудандық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалады. Бұл қызметті 1979 жылдың желтоқсанына дейін абыройлы атқарған Ұлықпан Мүсінұлы он жыл бойы Келес ауданындағы С.Сейфуллин атындағы, Жетісай ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектептерде директор қызметін атқарды. 1989-1991 жылдары ОҚО, Арыс қалалық білім бөлімін басқарды.

Жастарға тәлім-тәрбие беруде, мектеп, білім саласын басқаруда өзін парасатты тәлімгер, іскер басшы ретінде көрсете алған Ұлықпан Мүсінұлы 1991-1992 жылдары ОҚО білім басқармасы бастығының орынбасары, 1992-1998 жылдары Арыс ауданы әкімінің орынбасары, білім, мәдениет және денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. 1998-2000 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық білім департаментінің бастығы болды. 2000 жылдан бері Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Рахымов атындағы Республикалық әскери мектеп-интернатының бастығы қызметін абыроймен атқарып келеді. Жас ұрпақты Отан сүйгіштікке, елін-жерін қорғайтын ержүрек азамат болуға тәрбиелеудегі еңбегі жоғары бағаланған Ұлықпан Мүсінұлы түрлі марапаттармен қатар полковник шеніне дейін көтерілді.

Білім саласына сіңірген ерен еңбегі үшін Ұлықпан Мүсінұлы 1993 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, 1998 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2002 жылы «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 10 жыл» мерекелік медалімен, 2003 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, 2003 жылы Ресейдің психологиялық ғылымдары Халықаралық академиясының құрметті мүшесі, 2004 жылы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, 2004, 2007 және 2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет Грамоталарымен, 2008 жылы «Астанаға 10 жыл медалімен, 2009 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» орденімен марапатталды.