КЕРІМБАЕВ ЕСЕНГЕЛДІ

КЕРІМБАЕВ ЕСЕНГЕЛДІ

филология ғылымдарының докторы, профессор

Керімбаев Есенгелді Әуелбекұлы 1950 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Келтемашат ауылында дүниеге келген. 1957-1967 жылдары Келтемашат ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте оқыды. 1968-1970 жылдары Венгер Халық Республикасында Совет Армиясы қатарында әскери борышын өтеді. 1971-1975 жылдары Шымкент педагогикалық институтының филология факультетінде оқып, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын үздік дипломмен бітірді. 1975-1981 жылдары Шымкент педагогика иститутының орыс тілі кафедрасында оқытушы болып істеді.

1981-1985 жылдары Қазақ КСР  Ғылым академиясының Тіл білімі институтының ономастика бөлімінде кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмыс атқарды. 1985-1990 жылдары Шымкент педагогика институтында оқытушы, аға оқытушы қызметінде, 1988 жылы ҚазССР ҒА Тіл білімі институты жанындағы Диссертациялық кеңесте «Лексико-семантическая типология оронимии Казахстана» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 1990-1992 жылдары  ҚазКСР ҒА Тіл білімі институтында аға ғылыми қызметкер ретінде докторлық машықтануда болды. 1992 жылы Қазақстан Республикасы  Тіл білімі институтының Диссертациялық кеңесінде «Этнокультурные основы номинации и функционирования казахских собственных имен» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 1992 жылдан бастап 2000 жылға дейін Шымкент педагогика институтында (кейінірек Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент бөлімшесінде) орыс тілі кафедрасының доценті, профессоры болып қызмет атқарды. 2000-2002 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Түркология институтында жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 2002-2010 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ тілі кафедрасында профессор қызметін атқарды. 2010-2011 жылдары Шымкент университетінің филология кафедрасында қызмет етті.

  2011-2012  оқу  жылынан бастап Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ қазақ тілі кафедрасында профессор қызметін атқарып келеді. Е.Керімбаев 5 монография, 100 шақты мақаланың авторы, 4 ғылым кандидатын дайындады. ҚР Премьер-министрі жанындағы Мемлекеттік ономастикалық комиссиясының мүшесі, Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде диссертациялық кеңестің мүшесі болды.