МОЛДАХМЕТ ҚАНАЗ

МОЛДАХМЕТ ҚАНАЗ

 жазушы

Молдахмет Қаназ 1942 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бекбауыл бекетінде дүниеге келген. 1958 жылы Арал қаласында орта мектепті, 1963 жылы Шымкент педагогика институтының филология факультетін бітірген. 1963-1978 жылдар аралығында Қызылорда облысы, Қазалы ауданында мұғалім, аудандық газеттің бөлім меңгерушісі, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.

1978 жылдан 1985 жылға дейін «Жалын» баспасының редакторы, редакция меңгерушісі, 1985-1992 жылдары шығармашылық жұмыспен айналысты. 1992 жылдан «Денсаулық» журналында бөлім меңгерушісі, 1993 жылдан осы журналдың бас редакторы.

Кезінде «Чика – Дабылдың баласы», «Жер кіндігі» повестері жасөспірімдер мен балаларға арналған үздік шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде жүлде алған.

«Сонар» (1973), «Жер кіндігі» (1975), «Арна» (1978), «Ақ тайлағым-ай» (1980), «Свет далекого солнца» (1982), «Құм қойнау» (1984), «Старая зимовка» (1985), «Армандай алыс жағалау» (1988), «Экспресс из полынной степи» (1989), «Жаңбырлы жаз» (1991), «Чика – сын Дабыла» (1991), «Қияндағы күн нұры» (2001) деген еңбектерімен қатар 2009 жылы «Сырдария кітапханасы» сериясымен екі томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

Әңгіме, повестері мен мақалалары көптеген жинақтарға енген. «Қияндағы күн нұры» повесі грузин тіліне аударылып, Грузияның халықаралық «Саундже» журналының 1989 жылғы №3-4 сандарында жарияланды. М.Қаназ орыс жазушысы В.Карповтың «Тірілей ұсталсын» романын, В.Распутиннің әңгімелерін, болгар жазушылары Елин Пелиннің бірсыпыра әңгімелерін, Иордан Милеевтің «Шатыр ұста мырза» повесін қазақ тіліне аударды. Молдахмет Қаназ Хиуа, Қоқан басқыншыларына қарсы ғұмыр бойы күресумен өткен, 1856-1857 жылдары Сыр бойы шаруаларының патша үкіметіне қарсы көтерілісінің басшысы Жанқожа Нұрмұхаммедұлы туралы «Кек» атты үш актілі тарихи драма, бірнеше танымдық, проблемалық зерттеу мақалалар жазды. Батырдың өмірі мен күрес жолын баян ететін С.Қалуовпен бірге құрастырған «Ел қорғаны ер Жәкем» жинағы 2007, 2008 жылдары екі дүркін жарық көріп, Алматы қаласы мен Қызылорда облысының Арал, Қазалы аудандарына тегін таратылды.

М.Каназ 1975 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының, 1996 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.