ҚАЛМЫРЗАЕВ ӘМЗЕ

ҚАЛМЫРЗАЕВ ӘМЗЕ

ақын, баспагер

Қалмырзаев Әмзе Қалмырзаұлы 1953 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында дүниеге келген. 1984 жылы Шымкент педагогика институтын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген.

  1983 жылы өткен Республикалық шығармашыл жастардың «Жігер» фестивалінің дипломанты, 2002 жылдан Әлемдік монғолтанушылар ассоциациясының мүшесі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.

  Ол әр түрлі деңгейдегі газет редакцияларында, Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық бөлімшесінде жұмыс істеген. 1989 жылы Оңтүстік Қазақстан және Өзбекстан жас ақын-жазушыларының  тәуелсіз «Игілік» ассоциациясын өмірге әкеліп, президенті болды. Сол жылы «Игілік» ассоциациясы құрылтайшылығымен тәуелсіз «Ақтолғай», ал 1991 жылы қазақ, өзбек, тәжік, қырғыз, түркімен тілдерінде  200000 данамен жарыққа  шыққан «Наурыз» газетінің өмірге келу идеясының авторы және редакторы. Қазақстанда тұңғыш жекеменшік кітаптар дүкенін ашып, қазір сол ассоциация негізінде құрылған  (1990) ЖШС «Қасиет» баспасының бас редакторы және директоры қызметінде.

  Ә.Қалмырзаевтың «Күн саңы», «Арман қуып адассам, кешір мені...», «Адуын ағыстар»,  «Құбылыс» атты жеке жыр жинақтары, «Мен сені көргелі», «Кереметнама», «Он екі таным», «Туысқан», «Теберік дүние», «Ойдың күші» т.б прозалық кітаптары, сондай-ақ 1999 жылы «Өмірдің он сегіз жылы» айдарына топтастырылған үш томдығы («Алшы», «Көз аясындағы әлем», «Қалтарыстағы қазына»)  Алматыдан, 2001 жылы «Аспан мен Даланың төрт ұмытылған тарихы» атты тарихи-философиялық жанрдағы кітабы Мәскеуде жарық көрді. 2003 жылы «Шыңғыс ханның шындығы - қазаққа жасырылған құпия» атты монографиясы роман-газет болып оқырмандарға жол тартты. 2004 жылы «Алтын төркін» атты роман-эссесі және «Ой гладиаторы» атты көлемді әдеби-зерттеу еңбегі басылып шықты.

1989 жылдан бері бес рет қайта жаңарып, жарыққа шыққан «Түркістан теберігі» кітабы 2005 жылы ағылшын, орыс, түрік тілдеріне аударылған нұсқасымен қоса европалық қазақ туыстарға арнап латын әрпімен берілген қазақша нұсқасы бірігіп, үлкен кітап болып жарық көрді. Сондай-ақ бүркеншік атпен «Даналық сүрлеуі», «Жақсы сөз», «Денсаулықнама» т.б кітапшалары жарық көрген.