Тәрбие істері жөніндегі проректор

Бегалиева Рауан Нармаханқызы

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің  тәрбие істері  жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент м.а.

Бегалиева Рауан Нармаханқызы 1984 жылы туылған, қазақ, білімі – жоғары.  2006 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық  қазақ-түрік  университеті Шымкент институтын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік бітірді.

Еңбек жолын 2006 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің колледжінде оқытушы  болып бастады.  2012 жылдың сәуір айына дейін аталған оқу орнында  абыройлы қызмет атқарып, осы жылы  Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтына қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. 2013-2014 оқу жылында Тіл білімі кафедрасының меңгерушісі болып бекітілді. 2013 жылдың наурыз айынан 2018 жылдың мамыр айына дейін университеттің ғылыми кеңесінің ғалым хатшысы  қызметін абыроймен атқарды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің 2018 жылдың 2-мамырындағы № 32-жқ бұйрығымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры лауазымына тағайындалды.  Сонымен қатар, 2016 жылдың 28-қазанынан Байқау кеңесінің хатшысы қызметінде.

2010 жылы Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде  13.00.02 – Оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі бойынша «Қазақ мектебіндегі 5-сынып оқушыларының тіл мәдениетін антонимдер сөздігі арқылы дамыту әдістемесі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Өмірлік көзқарасы мен болашаққа деген бағдары жаңашылдыққа бағытталған, 30-дан аса ғылыми мақала мен «Оқушылардың тіл мәдениетін антонимдер арқылы дамытудың ғылыми әдістемелік негіздері» атты монографияның, «Оқытудың инновациялық аспектілері» атты оқу құралының авторы. Ғалымның құрастыруымен «Қажымұқан қағанаты», «Батамен бағың ашылсын» атты кітаптар жарық көрді.

        2015 жылы Астана қаласында «Назарбаев зияткерлік мектептері» Дербес Білім Беру Ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасы негізінде дайындалған педагог кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы қатарынан тренерлерді оқыту бағдарламасы бойынша курсты аяқтап, сертификат алды.

       2015 жылдың қараша айында Испанияның Валенсия қаласында «Қазақстан Республиксының ЖОО педагогикалық мамандықтарының оқытушыларының біліктілігін арттыру» курсында оқып, сертификатқа ие болды.

Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының  ұйымдастыруымен 2017 жылдың сәуір айында өткізілген «Білім беру сапасының жоба менеджменті» дәріс-семинарының сертификатын алды.

Бегалиева Рауан Нармаханқызы ­– жоғары білікті маман, жоғары оқу орнының оқу-әдістемелік, ғылыми және тәрбие жұмыстарының іскер ұйымдастырушысы. Облыс және университет аясында өтетін тәрбиелік іс-шараларға белсене атсалысады. Өзіне жүктелген еңбекке үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ұжымдағы әріптестерімен өзара қарым-қатынас орнату қабілеті мол. Қызметтестері арасында беделді, үлгілі отбасы иесі.

Бегалиева Рауан Нармаханқызы қазақстандық білім беру процесінде бүгінгі күні қойылып жатқан талаптар мен міндеттерді жүзеге асырушы ғалым ретінде де өзін көрсетіп келеді. Бірнеше рет ректордың және Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының алғыс хатымен, білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен  марапатталған (Куәлік №305. 08.11.2017 ж.)