ҚАЛА ӘКІМІ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

13.11.19

ҚАЛА ӘКІМІ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстандағы іргелі оқу орындарының бірі ОҚМПУ дамудың даңғыл жолына түсті. Техникалық базасын күшейткен университет, студенттердің білім сапасына аса мән беріп отыр. Осылай деген қала әкімі Ерлан Айтаханов аталмыш оқу ордасының шәкірттерімен арнайы кездесті.

ОҚМПУ - 82 жылдық тарихы бар, Шымкенттегі іргелі білім ордасының бірі. Университетте археологиялық көрме орталығы жасақталған. Онда кәсіби тарихшы ғалымдардың зерттеу жұмыстарының арнайы жәдігерлері қойылған. Ал, «100 жаңа оқулық» атты орталықты аралау барысында, қазақ тіліне аударылған 10 оқулықтың бейне ролигін қала әкіміне университет ректоры Анар Мерекеқызы таныстырды.Онымен қоса, Ерлан Қуанышұлы аталмыш білім ордасындағы "Нұрсұлтан Назарбаев", "IT Class” сынды орталықтарды аралап шықты. Қала әкімімен кездесуде жастар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Ерлан Айтаханов – Шымкент қаласының әкімі

-"Жастар жылына орай Шымкент қаласында түрлі іс-шаралар өткізіліп, жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған біршама жобалар жүргізілуде. Келесі жыл «Еріктілер жылы» деп бекітілді. Одан бөлек, Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болады. "Екінші ұстаз" Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы Абайдың 175 жылдығын да жоғары деңгейде тойлағалы отырмыз. Аталмыш шаралардың барлығына жастар қоян-қолтық атсалысу керек. Қайырымды қаламыздың қонақжайлық туризмін дамыту да басты назарда".

Кездесу барысында студенттер, кітапхана мәселесі, пәндік, салалық байқауларға сыйақы көлемін арттыру жайын да көтерді. Қоғамдық көлік саласындағы түйіткілді проблемаларды да алға тартты. Өз кезегінде қала басшысы жастар көтерген мәселелер мен ұсыныстарды жан-жақты қарап, тиісті шешім қабылдайтынын жеткізді.

Р.Бақытжанқызы     

https://shymkenttv.kz/kz/news/society_public/kala-ekimi-studenttermen-kezdesti?_utl_t=fb&fbclid=IwAR3nQBP0bpBKz2-Nhsa82Rz7wanEuJnYbO6CduJt1m4wNAV1Ah4Q5K9Rcis