МИЛЛИОН НҰРҒАЛИҒА БҰЙЫРДЫ

19.12.19

Мақпал ТӨРЕБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».

Шымкент қаласындағы ОҚМПУ-де «Тәуелсіз елдің жастары» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті. Жастар жылына орай ұйымдастырылған жыр додасында еліміздің әр өңірінен келген 10 айтыскер бақ сынады.

Жыр сайысын алғаш болып бастаған бәйдібектік Рахат Аман мен арыстық Нұрмахан Жақып көпшілікті кесек-кесек ойлар айтуымен тәнті етті. Ал, ақтөбелік Нұрбол Жауынбай мен шымкенттік Абылай Құлтай, қызылордалық Сырым Әділбеков пен алматылық Бекжан Базарбаевтың айтысынан аға мен інінің ізеті аңғарылып тұрды. Шымкенттік ақын Нұрғали Әнапия мен семейлік Айшолпан Тілеутайдың айтысы жайлы сөз бөлек. Түйдек-түйдек сөзімен түйреп өткен Айшолпанға Нұрғали да «Аягөздің аруы асау екен, Асауға бүгін құрық салу керек» деп әдемі әзілмен қарымта қайтарып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Көрермен Нұр-Сұлтаннан келген Аян Ниязбек пен отырарлық Дәурен Ақсақаловтан айрықша айтыс күтіп еді. Алайда, шашасына шаң жұқтырмайтын екеуінің бұл жолғы сөз қағыстарында тосын ойлар айтыла қойған жоқ. Ал, нұр-сұлтандық Дәурен Ысқақ пен алматылық Сұлужан Таубалды тәуелсіздік жайлы толғаныстарды түйіндеп, айтыстың нүктесін қойды.

Нәтижесінде бас жүлдені Нұрғали Әнапия қанжығасына байлап, миллион теңгені иемденді. Бірінші орын Айшолпан Тілеутайға бұйырса, екінші орынды Дәурен Ысқақ алды. Ал, жүлделі үшінші орынды Дәурен Ақсақалов пен Аян Ниязбек өзара бөлісті.

– Бүгінгі айтыс, ақындардың сөзімен айтсам, шынында да «бастығы ауысса да, дәстүрі ауыспағандықтың» дәлелі болды. Кез келген басшының басты мақсаты – жас өскіннің бойына ұлттық дәстүрді сіңіру болса, осы жастардан ұлтжанды азаматтар шығары сөзсіз. Алла осындай берекелді елде бейбітшілік жайлы жырлай беруді жазсын! – деп сайысты қорытты қазылар алқасының төрайымы Маржан Есжанова.

http://okg.kz/article/?id=19243&fbclid=IwAR3L_Y71ybRVNKhuXaURktLvvs80ec13L4-DJj2dxQtCQk831P72EoKeo8g