240 орындық студенттік жатақхана ашылды

25.12.19

Елімізде студенттерді жатақханамен қамту ісі әлі де өзекті. Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында республикада бірнеше жатақхананың құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынды. Соның бірі, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне тиесілі. Студенттерге арналған жайлы ғимаратты қала әкімі Ерлан Айтаханов салтанатты түрде ашты.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2023 жылға дейін Қазақстандағы барлық студенттерді жатақханамен қамту туралы тапсырма берген болатын. Осы мақсатта Шымкенттегі оқу орындары жатақхана салу ісіне кәсіпкерлерді тартып отыр. Соның бірі бүгін студенттердің пайдалануына берілді.

Ерлан Айтаханов – Шымкент қаласының әкімі

-Баршаңызды мейрам алдында жайлы орынға қоныстануларыңызбен құттықтаймын. Шымкенттегі жатақхана қажеттілігін жою бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Мәселен, осы жылы бүгінгі 240 және 350 орынды екі жатақхананың құрылысы аяқталып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне пайдалануға берілді.

Аталған оқу ордасының жаратылыстану факультетінің студенттері жайғасатын жатақхана Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан және заманауи талаптарға сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Кітапхана, оқу залы, демалыс бөлмесі, медициналық пункт және ас бөлмесі де бар.

Анар Қайырбекова - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры

-Жалпы жастар жылы табысты аяқталды. Бұл университет студенттерге арналған бесінші жатақхана. Жастардық сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай жасап отырған мемлекетімізге алғысымызды білдіреміз.

Аталған университетте 6 мыңға жуық студент болса, оның 100 пайызы жатақханамен қамтылып отыр. Айта кетейік, 2020 жылы «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2 500 орындық жатақхана салынатын болады.

Р.Бақытжанқызы                                           

https://shymkenttv.kz/kz/news/society_public/240-oryndyk-studenttik-zhatakhana-ashyldy?_utl_t=fb&fbclid=IwAR0f4WxEHaiS6kMggN7_4Ka5eh9oJoaU7nNCigufxGTMnxf6RnK15TQVN5w