ЫСҚАҚ ӘКІМ

ЫСҚАҚ ӘКІМ

ақын, қоғам қайраткері

Ысқақ Әкім 1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бөржар ауылында дүниеге келген. Шымкент педагогика институтының физика-математика және  Алматы мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Ә.Ысқақ шығармашылықпен 1975 жылдан бері айналысып келеді. 1980 жылдан өзі оқыған Абай атындағы орта мектептің мұғалімі болып жұмыс істеді. 1989 жылы Самарқанда өткен Орта Азия және Қазақстан жастары өнер және поэзия фестивалінің лауреаты, республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты (1985), С.Ерубаев атындағы Шымкент облыстық Жастар сыйлығының лауреаты (1992) атанды.

1990 жылы Бөген аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің нұсқаушысы, республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстарындағы меншікті тілшісі болды. 1991 жылы халық депутаттары Шымкент облыстық кеңесінің баспасөз хатшысы, 1992-1995 жылдары Ордабасы аудандық оқу бөлімінің  меңгерушісі қызметін атқарды.

1995 жылы желтоқсанда баламалы негізде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 1999 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің жауапты қызметкері болды.

Ысқақ Әкім - Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, көптеген әндердің авторы, Орта Азия мен Қазақстан өнер фестивалінің лауреаты, Ордабасы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Моңғолияның «Шыңғысхан» медалінің иегері. 1997 жылы «Жыл адамы» атағын алды.

Ә.Ысқақтың философиялық тәлім-тәрбиеге негізделген «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» атты эссе-кітаптары жарық көрген. «Көңіл қымбат» (2008), «Досыма» (2009) атты ән-альбомдары, «Жүректегі жазулар» атты DVD жинағы жарыққа шыққан. Шығармалары орыс, өзбек, түркімен тілдеріне аударылған. «Абзалдық әліппесі» атты кітабы бірқатар университеттер мен мектептерде пән ретінде оқытылуда. «Ерен еңбегі үшін», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл», «Астана» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Ә.Ысқақ – Қазақстан парламентаризмінде тұңғыш қазақ тілінде, әрі Үкіметке баламалы негізде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы.