ЖАТАҒЫҢЫЗ ЖАЙЛЫ БОЛСА, БІЛІМІҢІЗ САЙЛЫ БОЛАДЫ

08.01.20

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде студенттерге арналған тағы бір жатақхана пайдалануға берілді. «Нұрсәт» шағынауданындағы жатақхана ғимаратының салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қатысты.

– Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2023 жылға дейін еліміздегі студенттердің барлығын жатақханамен қамту туралы тапсырма берген болатын. Осы міндетті орындау мақсатында бүгінде қалада бірқатар жұмыстар атқарылуда. 2019 жылы 240 және 350 орынды екі «Студенттер үйі» пайдалануға берілді. Биыл «Шымкент» ӘКК арқылы 2 500 орынды жатақхана салуды жоспарлап отырмыз, – деді Ерлан Қуанышұлы.

Айта кетейік, бұған дейін аталмыш білім ордасында студенттерге арналған жатақханалардың саны төртеу еді, енді бесеу болды. Олардың ішінде 12 қабатты 500 орынды «Студенттер үйі» осыдан төрт жыл бұрын пайдалануға берілген-ді.

– Жаңадан ашылған жатақханаға жаратылыстану факультетінің 240 студенті қоныстанады. Мұнда жастарға барлық жағдай жасалған. Кітапхана мен оқу залы, демалыс бөлмесі, медициналық пункт, ас бөлмесі заман талабына сай жабдықталған. Осылайша біз өз студенттерімізді толығымен жатақханамен қамтып отырмыз, – дейді оқу орнының ректоры Анар Қайырбекова.

Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.

http://okg.kz/article/?id=19469&alias=zhatagynyz-zhaily-bolsa%2C-biliminiz-saily-bolady&fbclid=IwAR3CT_MR6nEEVef3KgWwPwDc199CNlFcUcxau2KgSpYJE77mPcE-qBoeVs4