Кітап - досым, ақылшым ! 

28.04.20

        Қашықтықтан оқып  білім алу адамдардың біразын әбігерге салғаны рас, дегенімен пайдасын да көріп жатыр. Шыны керек қашықтықтан білім алу арқылы сабырлылыққа, уақытты тиімді пайдалануға, отбасымызға қамқорлық көрсетуге, кітап оқып білімімізді шындауға уақыт бөле бастадық. Осыған қарап бұған дейін қарбалас күйбең тіршілікпен жүріп отбасымыз жиі басқосуды,   емен-жарқын әңгімелесіп, жарқылдап күлуді де ұмытқандай екенбіз-ау деп ой түюге болады. Онлайн оқу барысында мен уақытты тиімді әрі пайдалы іске жұмсауды үйрендім. Ең алдымен армандар картасын жасадым, одан кейін түрлі кітаптар оқи бастадым. Кітап оқып отырып,  сол кейіпкерлердің өміріне кіріп кеткендей,  уақыттың қалай өткенін байқамай қалатын боп жүрмін.  Спорт залына бара алмасам да үйден кішігірім жаттығу залын жасап алдым және би-билеумен айналыса бастадым. Сонымен қатар күнделікті универ жүйесіне берілетін тапсырмаларды да орындауға уақыт тауып, онлайн түрде түрлі іс шараларға қатысып жатырмын.  Иә, әрине бұл мен үшін өте қуанарлық жай. Кітап адам баласының  сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Қабырғалы қаламгеріміз Ғабит Мүсірепов айтқандай «Кітап оқудан тыйылсақ,ой ойлаудан да тыйылар едік». Мен ес білгелі кітап оқығанды ұнатамын, түрлі  ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, сезім жетегіндегі әсермен көзіме жас алатын сәттер де болған. Әсіресе жан дүниеме «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Бақытсыз Жамал» шығармалары ерекше әсер еткені есімде. Бұл шығармаларды оқи отырып,   қыздардың өз сүйгеніне қосыла алмай, өлім жазасына ұшырауы, мал-мүлкі көп үлкен кісілерге ерксіз тұрмысқа шығатыны жаныма бататын. Сонымен қатар Жүсіп Аймауытовтың  «Ақбілек» атты романын оқығанымда Ақбілек атты қыздың қайсарлылығын, өшіккен ақ әскерлердің қолына түсіп , өлім аузынан аман қалғаны, еліне қайта оралып барлық қиындықты жеңе алған өжеттігін көріп  көп жәйтты ұққандай болдым. Ал Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» атты кітабын оқымаған жастар кем шығар деп ойлаймын. Себебі бұл шығармада соғыстан он екі мүшесі сау оралған жас солдаттың  оқуға келген сәттері керемет бейнеленген. Орыс әдебиетінің  атақты жазушысы Лев Толстойдың қазақ тіліне аударылған шығармаларын да сүйіп оқитынмын. Кейде әжемнін етегіне жата қалып, ертегі тыңдағанда қиял-ғажайып кейіпкерлердің жетегіне ілесіп жүргендей әсерде болатынмын.  Бұл менің  есімде мәңгілік сақталатын ерекше сәттер.  Бүгінгі күнімізге қайта оралсақ,   қазір  мотевациялық кітаптар оқып жүрмін. «Магия утро» кітабы бойынша көлік апатына ұшырап, өлімнен аман қалған, ауыр жарақат алған жас баланың өмірге деген талпынысы ерекше рухтандырды. Таңғы сағат бесте тұруды әдетке айналдырып, өзінің жеткен жетістіктерімен бөлісуі  адамның  өмірге деген көзқарасының өзгеруіне септігін тигізеді екен. Менің ерекше бағалайтын шығармалардың бірі Н. Вуйчичтің  «Жизнь без границ» кітабы. Көркем дүниеде Никтің  дүниеге аяқ-қолсыз туылуы, мүгедектік өмірі баяндалған. Ойланыздаршы аяғы болмай қолы болса  да бір сәрі, сәбиде екеуі де жоқ. Төңірегіндегі адамдардың теріс көзқарасы, өз қатарына қосуға ешкімнің ниетті болмауынан өзін өлімге қиғысы келген сәт туса да Ник ешқашан тағдыр тауқыметіне моймады,  тек алға ұмтылды. Сонын арқасында адамдармен  араласуды, өмір қиындықтарын жеңе білуді үйренді. Кейіпкер табандылығы, қайсарлығы арқасында кедергілерді жеңе білді. Өмірге деген құлшынысы, сенімі оянды. Кейіннен мүгедектігіне мойымаған жанды түрлі елдерге сұхбаттасуға шақырып жатты. Бұдан қандай ой түюге болады? Неге біздің аяқ-қолымыз сау, кемтар болмасақ та мақсатқа қол жеткізуге деген ұмтылысымыз төмен?! Биік  белестерді бағындыруға неге құлықсызбыз?  Мұндайда «Армандар орындалар - мақсатың айқын болса» деген нақыл сөз ойыма еріксіз оралады.  Демек, достар, бүгін ойға алған істі ертеңге қалдырмайық, алдымызға мақсат қойып, оған жетуге талпынайық. Өйткені өмір қиындықсыз болмайды,  бірақ сол қиындықты жеңе білген адам ғана үлкен белестерді бағындыра алады дегім келеді.                                                                              

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                   (С.Қымбат)