ӘБУБӘКІРОВ САҒЫНҒАЛИ

ӘБУБӘКІРОВ САҒЫНҒАЛИ

тарих ғылымдарының кандидаты, профессор  ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері

Әбубәкіров Сағынғали Сандыбайұлы 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген. 1966 жылы Түркістан қаласындағы Н.Төреқұлов атындағы орта мектепті бітірген соң, еңбек жолын Сауран ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте бастады.

1968 жылы Шымкент педагогика институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1973 жылы тарихшы мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп шықты. Студент кезінде Бүкілодақтық В.И.Ленин атындағы арнайы стипендияның иегері болды.

1974 жылы Кеңес Армиясының қатарында әскери борышын өтеді. 1974-1977  жылдары Шымкент облыстық партия комитетінің құжаттар бөлімінде жауапты қызметкер, 1978-1980 жылдары Шымкент  педагогика институты тарих факультетінің оқытушысы қызметін атқарды. 1980-1983 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы тарих институтының аспирантурасында оқыды. 1984-1988 жылдары Шымкент педагогикалық инстиуты КСРО тарихы кафедрасының аға оқытушысы, 1988-1991 жылдары Шымкент педагогикалық институты партия комитетінің хатшысы, 1991-1993 жылдары Шымкент педагогикалық институтының тәрбие жұмыстары  жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды. 1994-1996 жылдары аға ғылыми қызметкер ретінде ғылыми тағылымдамадан өтті. 1996-1998  жылдары ХҚТУ Шымкент бөлімі қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, 1998-2003 жылдары ХҚТУ Шымкент бөлімшесі тарих факультетінің деканы, 2003-2004 жылдары Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2004-2011 жылдары Қ.А.Ясауи ХҚТУ Шымкент институты директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары-проректор болып қызмет атқарды. 1984 жылы академик М.Х.Асылбековтің жетекшілігімен «Қазақстанда инженер-техник интеллигенциясының қалыптасу тарихы (1946-1960 жылдары)» деген тақырыпта тарих ғылымдары бойынша кандидаттық диссертациясын қорғаған.

3 ғылыми монографиясы, 5 оқу құралы, 5 оқу-әдістемелік нұсқауы мен 100-ге жуық ғылыми  мақалалары жарық көрген.

  С.С. Әбубәкіров «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» (1998 ж.) төсбелгісімен, Оңтүстік Қазақстан облыстық Кеңесінің, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрмет грамоталарымен марапатталған. 2005 жылы білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалі берілді. 2005 жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің шешімімен «Ең үздік тәлімгер» номинациясын және «Шымкент қаласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін» деген медалін иеленді. 2006 жылы «ҚР мәдениет қайраткері» төс белгісімен марапатталды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің жанындағы ономастикалық комиссияның мүшесі. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатымен» марапатталған. С.Әбубәкіров - Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

2011-2012 оқу жылынан бастап Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры қызметін атқаруда. 2012 жылы ақпан айында ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен 2013-2020 жылдарға арналған республикалық жастар тәрбиесінің кешенді бағдарламасын дайындайтын жұмыс тобының құрамында болды.