ЖҰМАБАЕВ МЫҚТЫБЕК

ЖҰМАБАЕВ МЫҚТЫБЕК

физика-математика ғылымдарының докторы, профессор

Жұмабаев Мықтыбек Жандарбекұлы  1949 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында, Қ.Сыпатаев ауылында туылған. 1956 жылы Қ.Сыпатаев атындағы сегіз жылдық мектептің бірінші сыныбына оқуға барып, Шаян селосындағы М.Әуезов атындағы орта мектепті 1966 жылы күміс медальмен  бітіреді. Сол жылы  Шымкент педагогикалық институтының физика-математика факультетінің математика мамандығына бойынша оқуға түсіп, 1970 жылы институтты үздік дипломмен бітірген.

1970-1972 жылдары Жамбыл педагогикалық институтының жоғарғы алгебра және математика әдістемесі кафедрасында  оқытушы болып істеген. 1972-1973 жылдары Совет Армиясы қатарында қызмет етіп, 1974-1977 жылдары оқытушылық жұмысты Жамбыл педагогикалық институтында жалғастырған. 1977-1979 жылдары Қазақ ССР Ғылым Академиясының Математика және механика институтында стажер-ізденуші болған. 1979 жылы аталған институттың аспирантурасына түсіп, ғылыми жұмыспен айналысу үшін  Москва қаласына жіберілген. Онда профессор Т.Д.Каримбаевтың жетекшілігімен «Цилиндрлік қабықшалардың кернеулігі және тұрақтылығы» деген тақырыпта ғылыми жұмыспен айналысқан. 1982 жылы аспирантураны бітіріп, 1985 жылы Ресейдің В.И.Ульянов – Ленин атындағы Қазан мемлекеттік университетінде физика-математика ғылымдарының  кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған. 1992 жылы доцент атағын алған.

2005 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің физика-математика ғылыми зерттеу орталығының біріккен ғылыми кеңесінде (ҚазҰУ, ҚазҰТУ, ҚазТКА, ММашИ) физика-математика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алуға диссертация қорғаған.  2008  жылы математика мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілген. Ғылыми жұмысының тақырыбы “Тұтас денелер механикасы есептерін шешуге айнымалы коэффициентті дифференциалдық теңдеулерді қолдану”.

1986-1992 жылдары Жамбыл педагогикалық институтының физика-математика факультеті деканының орынбасары, 1996-1998 жылдары жаратылыстану кешені директорының орынбасары болып қызмет жасаған. М.Жұмабаевтың 120-дан аса ғылыми-әдістемелік мақалалары жарық көрген, он шақты оқу құралдары мен оқу әдістемелік жұмыстары баспадан шыққан. 2010-2011 жылдары Москва қаласындағы К.Э.Циолковский атындағы Ресей мемлекеттік технологиялық университетінде ғылыми  тағылымдамадан өткен. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен (1996, 2009 ж.), 2010 жылы  білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісімен марапатталған. 2006-2007 оқу жылында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркістан гуманитарлық және бизнес институтында жаратылыстану кафедрасының меңгерушісі, 2007-2008 оқу жылында Түркістан Жаратылыстану және медицина институтының оқу-әдістемелік бөлімінің бастығы болып қызмет атқарған. 2008 жылдан бастап А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің  Жаратылыстану факультетінің деканы болып қызмет атқаруда. Сенат мүшесі, факультет ғылыми кеңесінің төрағасы.