КӘСІБИ ПРАКТИКАНЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ МЕН ӨТКІЗУ ЕРЕЖЕСІ

 КӘСІБИ ПРАКТИКАНЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ МЕН ӨТКІЗУ ЕРЕЖЕСІ

 

         1. Жалпы ережелер

Кәсіптік практиканы ұйымдастыру мен өткізу қағидалары және практика базалары ретінде ұйымдарды айқындау қағидалары (бұдан әрі – қағида) 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 46-11) тармақшасына, 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарын іске асыру мақсатында әзірленген.

 

       2.Негізгі ұғымдар мен анықтамалар

2.1 Кәсіби практика: Кәсіптік практика Білім беру бағдарламасының мiндеттi компоненті болып табылады.

2.2 Практика базасы: Студенттің мамандығына сәйкес  дайындайтын өндіріс, ұйым және мекеме.

2.3 Практика бағдарламасы: Практика мазмұны, мақсаты мен міндеттері, жеке тапсырмалардың тақырыптары, есептік құжаттар, қосымшалар және әдебиеттер тізімі көрсетілген құжат.

 

3 Белгілер және қысқартулар

ОҚМПИ -  Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогиқалық институты;

ПР – процедура;

СБӨ – сапа бойынша басшылықтың өкілі;

МЖББС – мемлекеттік жалпыға міндетті білім берудің стандарты;

ОӘБ – оқу-әдістемелік бөлім;

СМЖ – сапа менеджменті жүйесі;

КБЖҚжІТБ – Кәсіптік бағдар беру, жұмыспен қамту және іс-тәжірибе бөлімі;

ПОҚ – профессор-оқытушы құрамы;

СҚ – сапа қызметі;

ҚР – Қазақстан Республикасы;

СҒЗЖ – студенттің ғылыми-зерттеу жұмысы;

ҒК – Ғылыми кеңес

                                     

4 Негізгі ережелер

4.1 Кәсіптік практика білім беру бағдарламасының мiндеттi компоненті болып табылады. Білім беру бағдарламасына сәйкес кәсіби практика түрлерінен өтеді: оқу,  тілдік, педагогикалық, өндірістік және дипломалды.  

4.1.1 Оқу практикасы барлық мамандықтардағы білім алушылар үшін 1-курста ұйымдастырылады. Оқу практикасы білім беру бағдарламасының талаптарына және мамандық бейініне сәйкес өткізіледі.

4.1.2 Тілдік практика тілдерді білетін кадрларды даярлайтын және көптілді білім беретін мамандықтарда білім алушылар үшін жүргізіледі, сондай-ақ мамандыққа байланысты білім алушылардың оқуды аяқтағанына дейін 2-курстан бастап ұйымдастырылады.

4.1.3 Педагогикалық практика жалпы ғылыми, психология-педагогикалық, әдістемелік және арнайы пәндер бойынша білімдерді бекіту және тереңдету, теориялық білімдер негізінде педагогикалық машықтарды, дағдылар мен құзыреттерді қалыптастыру болып табылады және бүкіл оқу мерзімі бойы әр курста өткізіледі:

1) 1-курстың білім алушыларының педагогикалық практикасын;

2) 2-курстың білім алушыларының психология-педагогикалық практикасын;

3) 3-курстың білім алушыларының оқу-тәрбиелік педагогикалық практикасын;

4) 4-курстың білім алушыларының өндірістік педагогикалық практикасын қамтиды.

Педагогикалық практика үздіксіз болып табылады және теориялық оқытуымен қатар өткізіледі.

4.1.4 Өндірістік практика педагогикалық мамандықтар үшін білім беру ұйымдарында ұйымдастырылады, кейбір мамандықтар үшін өндірістік практика мамандықтың бейініне сәйкес келетін кәсіпорындар мен мекемелерде ұйымдастырылуы мүмкін.

4.1.5 Дипломалды практика оқу жоспарына сәйкес дипломдық жұмысты (жобаны) немесе есепті орындайтын барлық мамандықтардың түлектері үшін бітіруші курста өткізіледі. Дипломдық жұмысты немесе есепті әзірлеу және жазу үшін білім беру бағдарламасында дипломалды практикасы көзделеді. Дипломалды практика базалары диплом жұмысының тақырыбына сәйкес анықталады және оны дипломдық жұмыс жетекшісі жүзеге асырады.

4.2  Практиканың  барлық түрі мен мерзімі мамандықтың білім беру бағдарламасы мен жұмыс оқу жоспарына және академиялық күнтізбеге сәйкес айқындалады. Кәсіптік практика бағдарламасын мамандық шығарушы кафедра түзеді, онда практиканың барлық түрі нақты айқындалып көрсетіледі және мерзімді жаңартылады. 

Кәсіптік практика бағдарламасы жасауда практика  базалары ретінде айқындалған мекемелермен немесе ұйымдармен келісіледі және оқу орнының оқу ісі жөніндегі басшысымен бекітіледі. Педагогикалық мамандықтар үшін практика базаларына мектепке дейінгі ұйымдар, жалпы орта білім беру (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта) ұйымдары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары енеді. Кәсіптік практиканың  бағдарламасы негізінде кәсіптік практиканың жұмыс жоспар-кестесі жасалады және оны факультет деканы бекітеді.

4.3 Жыл сайын практиканың барлық түрлері бойынша базалық мекемелермен шарт практика басталғанға бір ай бұрын кеш емес мерзімде жасалады.

4.4 Білім алушыны кәсіптік практиканың барлық түрлеріне жіберу, өту мерзімдерін, практика базасы мен жетекшісін көрсете отырып  жоғары оқу орны ректорының бұйрығымен ресімделеді және білім алушыға сәйкес нысан бойынша жолдама беріледі.

 4.5 Кәсіптік практиканың барлық түрі бойынша білім алушыларға оқу орнынан және практика базасынан (мекемеден, ұйымнан) жетекшілер тағайындалады. Педагогикалық практика педагогика және психология кафедрасымен бірлесіп мамандарды даярлайтын арнайы кафедраға бекітіледі.

4.6.1 Оқу практика базаларына мамандықтың бейініне сай келетін оқу орындары, оқу шеберханалары, зертханалар, полигондар, тәжірибе шаруашылықтары, ЖОО-ның басқа да оқу-көмекші құрылымдары мен мекемелері кіреді.

4.6.2 Тілдік практика филологтар үшін және көптілді білім беретін мамандық (физика, информатика, химия, биология) студенттері үшін ұйымдастырылады. Тілдік практика жетекшісіне ағылшын тілінде дәріс беретін оқытушы-профессорлар тағайындалады және практика оқу орнының кітапханалары мен оқу залдарында, арнайы тілдік кабинеттерде өткізіледі.

4.6.3 Педагогикалық практика базаларына мектепке дейінгі ұйымдар, жалпы орта білім беру (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта) ұйымдары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары енеді.

4.6.4 Педагогикалық мамандықтар үшін ұйымдастырылатын өндірістік практика базаларына білім беру ұйымдары енеді. Кейбір педагогикалық  мамандықтардың өндірістік практика базасына және институт дайындайтын өзге де мамандықтардың  өндірістік пратика базасына  мамандық бейініне  сай келетін ұйымдар енеді.

4.6.5 Диплом алды практика базасы диплом жұмысының тақырыбына сәйкес анықталады және бітіруші курста жүргізіледі, оны ғылыми жетекшісі жүзеге асырады.

4.6.6 Практика базасы – ұйым білім алушылармен кәсіптік практиканы өту кезінде болатын қайғылы оқиғаларға 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес толық жауапты болады.

4.7  Практика түрлері еңбек көлеміне қарай академиялық сағаттармен өлшенеді. Педагогикалық практика бойынша 1 студентке 1 аптаға:  мамандық шығарушы кафедра оқытушысына – 0,8 сағат; 0,1 сағаты педагогика және 0,1 сағаты психология оқытушысына жүктеледі. Практиканың басқа түрлері бойынша 1 студентке 1 аптаға 1 сағат беріледі.

4.7.1 Оқу практикасы оқу пәндерін оқып зерделеудің жалғасы болатын жағдайда өндірістік оқыту шебері немесе тиісті пәнді оқытатын оқытушы жүргізеді. Білім алушылардың оқу практикасында, оқу орнының оқу-көмекші объектілерінде жұмыс күнінің ұзақтылығы 6 сағатты құрайды.

4.7.2 Педагогикалық практикада мамандық даярлаушы кафедралар үшін практика жетекшісіне 10-12 студентке дейін, педагог және психолог әдіскеріне 50-60-ден көп емес студентке жетекшілік жасай алады.

4.8 Кәсіби практика алдында жетекшілер мен әдіскерлер студенттермен орнықтыру (ұйымдастыру) конференцияларын өткізеді және оған хаттама толтырады.

4.9 Студент практикадан өтер алдында жетекшіден кәсіби практика  бағдарламасын, жұмыс жоспар кестесін, практика бағдарламасына сәйкес тапсырмаларды орындауға арналған әдістемелік нұсқауларды, практкиа күнделігін алады.

4.10  Педагогикалық практика басталған күні мектеп директоры немесе орынбасары және пәннің әдістемелік бірлестік жетекшісі топ студенттерімен педагогикалық кеңес өткізеді, практикант студенттерді сыныптарға (бір сыныпқа 2 студенттен артық емес) бөледі. 2-курста ұйымдастырылатын педагогикалық-психологиялық практикада студенттер сынып жетекшісі және мектеп психологімен бірлесе жұмыс жасайды, практика бағдарламасы бойынша тапсырмаларды орындайды.  3-курстағы педагогикалық практика орта (5-8) сыныптарда, 4-курстағы педагогикалық немесе өндірістік педагогикалық практика жоғары (9-11) сыныптарда өту жоспарланады.

4.11 Практика жетекшілері мен әдіскерлері мекемелердегі практиканың өту барысын бақылайды, студенттердің есебін тексереді және есепті қорғауын ұйымдастырады.

4.12 Студент практика есебін кафедра меңгерушісінің өкімімен құрылған арнайы комиссия алдында қорғайды және студенттің практикадан өту есебін қорғау хаттамасы түзіледі.

4.13 Практика соңынан кафедра меңгерушілері студенттермен қорытынды конференциясын ұйымдастырады, оған дейін студент бір апта көлемінде практика бойынша күнделік, бағдарламаларда көрсетілген жеке тапсырмалардың  есебін кафедраға ұсынады және қорғайды.

4.14 Практика жетекшісі мен әдіскерлер кафедра меңгерушісіне жазбаша түрде есеп өткізеді. Мамандықтың практика бойынша қорытынды есебі кафедра мәжілісінде  қаралады және факультеттің Кеңесінде бекітіледі. Мамандықтың барлық түрлері бойынша есептер КБЖҚжІТБ   Іс- тәжірибе секторына өткізіледі.

4.15     Студенттің кәсіби практикадан өту есебін беру құжаттарын қорғау нәтижелері белгіленген балдық-рейтингтік және әріптік жүйе (GPA) бойынша дифференциалды түрде бағаланып, транскриптке енгізіледі. Практика жетекшісі колын койып толтырған тізбе түпнұсқасы студенттің транскриптісіне енгізілу үшін офис-тіркеушілер бөліміне тіркеуге өткізіледі. Бағасы транскриптке енгізілген тізбе түпнұсқасы  офис-тіркеушілерде сақталады.

4.16 Кәсіби практикадан өтуін ұйымдастыру мен жүргізудің қорытынды есебі ОҚМПИ-дың Ғылыми Кеңесінде қаралып бекітіледі.

4.17 Студенттердің кәсіби практикадан өтудегі материалдық шығындары институттың жылдағы шығын сметасында қарастырылады. Шығынның  көлемі нормативтік құжаттармен анықталады. Педагогикалық мамандықтардың практика орындарындағы жетекшілеріне еңбекақы институттың сағаттық қоры есебінен төленеді Оған арнайы ведомость толтырылады.

4.18 Белгілі себеппен кәсіби практикадан дер кезінде өтпеген студент факультет деканының өкімімен белгілеген мерзімде оқудан үздіксіз  және ақысыз түрде өте алады.

4.19  Кәсіби практика бағдарламасы бойынша тапсырмасын орындамаған және дер кезінде есеп құжаттарын қорғауға келмеген студент академиялық қарыздар  болып саналады.

4.20 Кәсіби практикадан академиялық қарызын жою ақылы түрде факультет деканының өкімімен белгілеген мерзімде жүзеге асырылады.

4.21  Оқу орнының сырттай (кешкі) бөлімдерінде оқитын білім алушылар мамандық бойынша  жұмыс істесе (жалпы орта білім беру мектептерінде, колледждерде), онда олар кәсіби практикадан босатылады және босатылғандығы туралы бұйрыққа енеді. Мұндай жағдайда студент жоғары оқу орнына оқып жатқан мамандығы бойынша жұмыс істейтіндігі туралы жұмыс орнынан  анықтама мен мінездемесін ұсынады.

Сырттай (кешкі) оқу орындарында білім алушылар диплом алды практиканың бағдарламасын орындайды.

4.22 Сырттай  білім алатын, мамандығы бойынша жұмыс істемейтін студенттер міндетті түрде жұмыс оқу жоспарына және академиялық күнтізбеге сәйкес практикадан өтеді. 

4.23 Есеп беру құжаттарын сақтау кафедра номенклатуралық істеріне сәйкес жүргізіледі.

4.24  Студенттің есеп беру құжаттарының сақталу мерзімі: студенттің практика бойынша күнделігі – 5 жыл, студенттің практикадан өту есебін қорғау хаттамасы – 5 жыл.