Ақмарал Леубаева

Ақмарал Леубаева

Ақмарал Леубаева 1969 жылы 10 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы Ақбастау елді мекенінде дүниеге келген. Ақмешіт ауылындағы Қ. Спатаев атындағы орта мектепті тәмамдаған (1986). Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы педогогикалық институтының филология факультетін үздік бітірген (1987-1992). Институт көлеміндегі іс-шараларға белсене араласқаны үшін бірнеше мақтау грамоталарымен марапатталып, Шымкент қаласындағы Дзержинский аудандық кеңесіне депутат болып сайланды (1989-1990). 1989 жылы Самарканд қаласында өткен Орта Азия және Қазақстан студент жастар фестивалінде «Достық-89» жүлдесін жеңіп алып, Құрмет грамотасымен марапатталды.

Айтысқа 1988 жылдан қатыса бастады. Ақиық ақын М.Мақатаевтың 60 жылдығына, қоғам қайраткерлері А.Байтұрсыновтың 100 жылдығына, С.Қожановтың 150 жылдығына, Т.Рысқұловтың 100 жылдығына, ұлы Абайдың 150 жылдығына, жыр алыбы Жамбылдың 150 жылдығына арналған және батыр Б.Бейсекбаевты еске алуға арналған айтыста, Қарасай батырдың 300 жылдық және көрнекті жазушы С.Мұқановтың 100 жылдық мерейтойларына орай өткен республикалық, халықаралық айтыстарда жүлделі орындарды иеленген.

1992 жылдан қазіргі Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент институтында оқытушы болып қызмет атқарды. Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасында бас маман болып (2005-2007), ҚР Индустрия және сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің ОҚО бойынша басқармасында бас маман (2007) болып қызметтер атқарды.

Облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, «Жылдың ең үздік суырып салма ақыны» атағына ие болды (2000). Қарағандыда өткен Ақмола, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары арасындағы командалық айтыста жеңіске жетуге ерекше үлес қосты (2005).

«Қазақстанның тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медалімен (2001), «Қазақстанның тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалімен (2011), ОҚО 80 жылдығына орай «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен (2012) және «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен (2013) марапатталған. Бәйдібек ауданының «Құрметті Азаматы» (2006). «Қазақ шешендік өнерінің көркемдік-тағылымдық мәні» атты ғылыми диссертация қорғап, «филология ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесі берілді (2007 ж. 26 сәуір).

«Ақмарал» атты авторлық әндер жинағының аудиотаспасы жарыққа шықты (2004). «Қазіргі ақындар айтысының» 2 томдығына айтыстары енген (2004). Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының қолдауымен Түркия, Германия, Қытай мемлекеттерінде қазақ өнерінің насихатталуына кеңінен үлес қосты (2004).